Қарапайым жүк тиеушіден Ішкі істер министрінің орынбасарына дейін: Генерал Рүстем Қайдаров жайында

Фото: yvision.kz
Фото: yvision.kz
Рүстем Қайдаров 27 желтоқсанда әуе апаты орын алмағанда, 80 жасқа келер еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ер есімі – ел есінде. Халық үшін қызмет етіп, бүкіл өмірін әскери салаға арнаған батырлардың еңбегі тарих болып қала бермек. Еліміздің осындай даңқты азаматтарының бірі 18 мамыр күні 80 жылдық мерейтойына дайындалып жатқан Рүстем Қайдаров 27 желтоқсанда әуе апатынан қаза тапқан еді. Батырдың өнегелі өмірі мен ескірмеген естеліктері жайында Almaty.tv тілшісінің  бейнематериалында.

Генерал Рүстем Есімханұлы Қайдаров 1940 жылы Семей облысында дүниеге келген. Мансаптық қызметінде діттегеніне жету үшін алдымен қарапайым жүк тиеуші, тракторшы секілді қара жұмыс жасап, кейін ғана әскери өміріне алғашқы қадамды тергеуші болудан бастаған. Бүкіл қызметінде көптеген қалалар мен облыстарда полиция бастығы, Ішкі істер министрінің орынбасары және зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Генералдар кеңесін» құрған. Рүстем Есімханұлы былтыр желтоқсанның 27-сі күнгі әуе апатынан көз жұмған еді.

«Менің келін болып түскеніме 31 жыл толды. Мен әрдайым ол кісіні «әке дейтінмін, ал ол кісі маған ешқашан «келінім» демей, қызындай көретін. Отбасымызда, әсіресе қыздарды қатты еркелететін. Патриот еді, есімде бір жаңа жылды әнұран айтып қарсы алғанымыз. Үлгі болар өмірінде көп шәкірт тәрбиеледі. Бізге оқыс оқиға өте ауыр тиді», –  деді Рүстем Қайдаровтың келіні Диляра ҚАЙДАРОВА.

Жылы ықыласпен еске алған марқұмның отбасы мен жақындары 80 жылдық мерейтойды атап өтуге дайындалып жүріпті. Бірақ сұм тағдырдың пешенеге жазғанынан Рүстем Қайдаров та қашып құтыла алмады. Жұмыс барысында әрбір іске жауапты қарайтын генаралдың адамгершілік қасиеті жоғары дейді әріптестері.

«1992 жылы Қырғыз және Қазақстан мемлекеті біріккен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының ең бірінші бастығы болды. Сол басқарманы құруға үлкен еңбек сіңірді. Ол кезде бұл деген қиын жұмыс еді. Ал жақсы қасиеті – сол бірге жұмыс істеген тергеушілердің атын жатқа білетін», –  деді отставкадағы полиция полковнигі Бауыржан РАХИМОВ.

1992-95 жылдар аралығында ол Қазақстанның ІІМ-нің тергеу жөніндегі орынбасар қызметін атқарды. Генерал тәуелсіз Қазақстанның заң жүйесіне өзіндік үлесін қосып, 1996 жылы зейнетке шығады. Қызметте талай белестерді бағындырған жолдастары генералмен бірге құрған кеңесте жастарға патриоттық тәрбие беру, қандай да бір заңнаманы жасау секілді елге пайда әкелетін мәселелерді көтеріпті.

«Мен үшін ол ағам секілді ең жақын жандардың бірі болды. Өте ақылды, интелигент, тәртіпке бағынған құрметті азамат. Әзілдегенді де ұнататын. 30 жылға ұласқан достығымыздан ерекше еске түсетіні –  80 жылдардың аяғында Мәскеудегі «Қызыл алаңда» кездейсоқ көрісіп қалып, тамаша күндерді өткіздік», –  деді «Генералдар кеңесі» одағы төрағасының орынбасары  Наиль ГАЛИМЖАНОВ.

2016 жылы Рүстем Есімханұлы қазақ хандығы кезіндегі алғашқы батыр қолбасшылардан бастап, қазіргі әскери басшыларға дейінгі тұлғалар енген «Ұлы дала генералдары» атты кітап шығарады. Сондай-ақ, заң ғылымының дамуына үлес қосып, мемлекетаралық құжаттарды әзірлеуге қатысып, дарынды шәкірттер тәрбиелеген. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқандарды әрдайым ұлықтап жүретін азамат есімі ел жадынан ешқашан өшпек емес.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров