Таразда мүгедек жанға көмек көрсетіп жүрген ит табылды

Таразда мүгедек жанға көмек көрсетіп жүрген ит табылды
Тұрғындарға жылулық пен мейірім сыйлаған ит
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда мүгедек жанға көмек көрсетіп жүрген ит табылды. Қалай дейсіз ғой? Мүмкіндігі шектеулі,  арбаға таңылған иесін итеріп, қауіпті көше қиылыстарында көмектесіп жүр. Осылайша адамның адал досына айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде кеңінен таралған бұл бейне халықтың таңданысын еріксіз тудырған болатын. Төрт аяқты хайуанның адам баласына деген адалдығын көргендер разылығын білдіріп, түрлі пікірлер қалдырды. Тұрғындарға жылулық пен мейірім сыйлаған итті көркем фильмдегі Хатикоға теңеп кеткен.  

Бұл  Тараз қаласының тұрғыны – Анатолий Григориұлы. Бейнедегі кейіпкер және иттің иесі осы адам.  81 жастағы қария  Магнус есімді серігін базардан сатып алғанын айтады. 11 айлық адал досы 7 айдан бастап көмекке жарапты.  

"Шамамен 1 жыл бұрын базарда 20 мың деп тұрған жерінен 15 мың теңгеге саудаласып алдым. Бірақ қандай тұқымдағы ит екенін білмеймін.  Атын Магнус деп қойдым. Арнайы жаттығулар үйреткен емеспін. 7 айдан бастап арбаны итеріп, көмектесіп жүр. Еш уақытта аш қалдырмаймын, арнайы ас-ауқат алып отырамын", – деді қала тұрғыны  Анатолий ДЕРБЕНЕВ

Анатолий Дербеневтың айтуынша, ақылды серігін сатып алу үшін арнайы келіп қомақты қаржы ұсынғандар да бар екен. Дегенмен отбасы мүшелерінің орнын басып отырған төрт аяқтыны сату ойында жоқ. Осылайша олар тараздықтарға адал достықтың үлгісін көрсетіп жүр.

Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов, 

"Алматы" арнасы,  Тараздан

Новости партнеров