Талаптарды толық сақтай алмай отырған тамақтану орындары талаптың қандай екенін біле ме? Жұмысын бастауға рұқсат берілсе де, карантин талаптарын неге толық сақтамай отыр? Санитарлық норманың қалай сақталуы керек екенін Almaty.tv тілшісі біліп қайтты.
Қауіпті індеттен сақтану үшін, тамақтану орындары міндетті түрде барлық талаптарға сай болуы шарт. Сондай-ақ, келген тұтынушы да өзіне тиісті талаптарды сақтауы тиіс. Ал, сол талаптардың барлығын біз білеміз бе? Мен түсірілім тобымен бірге қаламызда орналасқан мейрамханалардың біріне арнайы келіп көрген едік.
Мейрамханаға кірген бойда, алдыңыздан қызметкер қарсы алып, бірден қолыңызды санитайзермен өңдеуді сұрауы тиіс. Одан кейін дене қызуыңызды өлшеп, тіпті үстіңізге де арнайы сұйықтықты шашуы керек. Бұдан соң арақашықтықты сақтау туралы үстел үстінде жадынама тұруы қажет. Біз бұл орынға жақында туған күтін атап өткісі келген кейіпкеріміз Ринат Ырысалдиевпен бірге бардық. Мейрамхана әкімшілігінен мән-жайды толық білгеннен соң шағын той жасауға болмайтынын ұқты.
Себебі карантин талаптарын барлық тамақтану мен қызмет көрсету орындары қатаң ұстануы керек. Біріншіден, жұмыс уақыты мен келушілер санында шектеу бар. Үшінші, күшейтілген дезинфекциялау режимін енгізу. Яғни, сағат сайын арнайы құралдармен үстелдер, орындықтар, сатылар мен есіктер, едендер әр бір үш сағат сайын өңделеді. Бұл екі жаққа да кедергі келтірері сөзсіз. Одан бөлек, келушілер өзіне-өзі қызмет көрсете алмайды. Сонымен қатар, қызметкерлер бетперде мен қолғабын жиі ауыстыруы тиіс. Ал, нысанға іргелес жатқан аумақты тәулігіне кемінде бір рет дезинфекциялау әрі үстелдердің арасы кемінде екі метр алыс болуы шарт.
«Барлық қызмет көрсету нысандары, атап айтсақ. тамақтану орындары, сауда орындары – барлығы карантин талаптарын сақтамаған жағдайда қайта жабылуы мүмкін. Сондықтан барлығы қатаң қаралады», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.
«Түсіндірме жұмыстары бізде әрдайым жүргізіледі.Әкімдіктен құралған мониторнигтік топ бар. Ол топпен арнайы профилактикалық шараларды қалай жүргізу керектігі жайлы түсіндірме жұмысы үнемі жүргізіледі», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасының санитарлық қадағалау бөлімінің басшысы Салтанат АХМЕТОВА.
Арнайы мамандардан құрылған топ күн сайын тамақтану орындарында тексеру жұмысын жүргізеді. Шамадан тыс қателік табылса, хаттама толтырылып, айыппұл салынады, кей жағдайларда тамақтану орнын жабуға тура келеді. Ал, шағын кемшілік болса, ескерту беріліп, түсіндірме жұмысы жүргізіледі.
Елдана Қадырова, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы