2020 жылы өмірден озған танымал тұлғалар

Almaty.tv
Almaty.tv
2020 жыл әлем халқына біраз ауыртпашылық әкелді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жыл әлем халқына біраз ауыртпашылық әкелді. Жуырда Бейрутта болған жарылыс, Австралиядағы өрт, Қарабақтағы соғыс – бұл осы жылда орын алған қаралы оқиғалардың бір сыпырасы ғана. Ал, биыл әлемді жайлаған пандемия – көптеген адамдардың өмірін жалмады. Қауіпті дертің кесірінен Қазақстанда екі жарым мыңнан астам отандасымыз көз жұмды. Оның ішінде есімі елге белгілі тұлғалар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Өтіп бара жатқан жыл халқымыз үшін біраз қиындықтарымен есте қалды. Коронавирус еліміздің талай таланттарының өмірін қиды. Жақсылық Үшкемпіров, Мұрат Мұқашев, Кеңес Дүйсекеев, Дархан Дайырбек, Берік Исмаилов секілді танымал тұлғалар өз саласының нағыз шеберлері болды. Бірақ аяусыз вирус халықтың көзайымына айналған бұл жандардың өмірін жалмады.  

Бұл жазда «Алматы» арнасынан көрерменге жол тартқан «Карантин» телехикаясынан үзінді. Көркем туындыда басты рөлді Дархан Дайырбек сомдаған. Өкінішке қарай, «коронавирустың бар екеніне сенбейтін блогер» рөлін ойнаған актер фильм үлкен экранға шықпай тұрып, қауіпті індеттен көз жұмды. Қазақтың біртуар талантының аяқ асты өмірден өтуі – қазақ киноматаграфиясы үшін үлкен қайғы, дейді әріптесі Нұртас Адамбай.

«Ол әрқашан қасыңнан табылатын. Мен ұнатқан немесе жаңа жобаларыма әрдайым қолдау білдіріп, мен секілді ол да бастамамды бар болмысымен жақсы көретін. Жақында ғана маған Дәкеңнің жұбайы хабарласып, оның «Әкім-2» фильмінің түсірілімін күтіп, қуанып жүргенін жазған еді. Дәкеңнің арамыздан ерте кеткені өте өкінішті», – деді  актёр Нұртас Адамбай.

Сонымен қатар, Қазақстандық спорттың аңызы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те 2 тамызда қайтыс болды. Рухы өр спорт майталманы талай жекпе-жекте жеңіске жеткенімен, қауіпті вирусқа төтеп бере алмай, 70 жасында сырқаттан көз жұмды. Бүкіл өмірін отандық спортты дамытуға арнаған балуанды шәкірттері ерекше ықылас-құрметпен еске алады.

«Біз әрқашан одан үлгі алатынбыз. Қашанда біздің жиынымызға қатысып, жарыстарды жібермей келетін. Келгенде де жай келмей, өзінің шаруа қожалығынан бізге сиыр мен жылқы етін беріп кететін. Ағамыз осылай тек игі істерімен есімізде қалды. Балалық шағымызда бәріміз сол кісіге ұқсағымыз келетін. Себебі ол шынымен де спорт әлемінің жарық жұлдызы еді», – деді  грек-рим күресінен ұлттық құрама командасының мүшесі Асхат Ділмұхамедов.

Еліміздің танымал тұлғаларынан бөлек, қауіпті індет қатардағы бірталай қазақстандықтың өмірін қиды. Пандемиямен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар мен өзге мамандар бұл қиындықтың ауыртпалығын алғаш басынан өткеріп, талай жақынынан айырылды. Десе де ел басына күн туғанда халық игілігі үшін қызмет еткендер ұмытылмақ емес. Ер есімі – ел есінде!

Аяулым Көлжігіт, Мақсат Күнібеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров