«Nur Otan» партиясы «Құтты мекен» ұлттық жобасының іске асу барысымен танысты

«Nur Otan» партиясы  «Құтты мекен» ұлттық жобасының іске асу барысымен танысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Nur Otan» партиясы қалалық филиалының өкілдері, мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттары «Құтты мекен» ұлттық жобасының Алматыда іске асырылуы барысымен танысты. Оның ішінде Түрксіб және Жетісу ауданындағы бірнеше нысан бар. Елбасының тапсырмасымен құрылған жоба аясында партия бақылауына 100-ге жуық нысан алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жетісу ауданы «Құрылысшы» шағынауданының тұрғындары таза ауызсудан талай жылдан бері таршылық көріп келген еді. Бұл мәселе осы жылы шешімін тауып, кәріз жүйесі де тартылған. Алайда онсыз да шұрық-тесік болып жатқан жолдың жағдайы тіптен аяқ алып жүргісіз күйге жеткен.

«Көшеміз талапқа сай болмап еді. Кейінгі жылдары «Нұр Отан» партиясының араласуымен осы аудан әкімінің еңбегінің нәтижесінде көшелер қалыпқа келді. Көп көшелеріміз жөндеуден өтті», - деді Мыңжасар ДҮЙСЕН.

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілдері, мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттары екі ай бұрын «Құтты мекен» ұлттық жобасының іске асырылу барысын тексеріп шыққан еді. Жоспар бойынша мердігер компания жұмысты қазан айының ортасында аятауы тиіс болған. Енді осы айдың аяғында толық бітіреміз деп отыр.

Партиялық бақылаушылардың келесі нүктесі Түрксіб ауданындағы №4 перзентханаға ауды. Өткен жылдың үшінші тоқсанында медициналық мекеменің қосымша ғимараты тапсырылуы тиіс еді. Алайда әлі күнге дейін құрылысы толық бітпеген.

«Универсал-Б» деген компанияны шақырып едік, келмеді. Енді оларды «Nur Otan» партиясына шақырып не үшін 2018 жылы бітіру керек нысанды бітірмегенін сұраймыз», - деді «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Роза БАДАЕВА.

Перзентхана жылына 4500-ден астам ананы қабылдайды екен. Орны тапшылығы қатты сезіледі дейді дәрігерлер. Мердігер мекеме қосымша нысанда жақын арада тапсырмайтын болса, «Nur Otan» партиясы сотқа береміз деп отыр.

«Біріншіден, партиялық бақылауға аламыз. Екінші сотқа береміз. Және басқа компаниямен тезірек оларды қосымша алып, біздің перзентханананың бөлмесін бітіреміз», - деді «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық фракция жетекшісінің орынбасары Роза БАДАЕВА.

«Жас қанат» шағынауданында қыркүйек айының аяғында 7 үйде қоныс тойы тойлануы керек еді. Алайда құрылыс компаниясы жоспардан қалып отыр. Әзірге тек 5 баспанада құрылыс аяқталған. Бұған дейін нысандарды тексеріп шыққан партиялық бақылаушылар көптеген ескерту айтып кеткен.

«Келіп көптеген кемшіліктерін тауып, фирмаға көрсетіп, солай бірге қарап шыққанбыз. Енді өзгерістер көп емес. Жанымызда тұрған мына үйдің әлі төбесі де жабылмапты. Қазір енді күз болды. Бұл құрылыс осы айдың 25-де бітуі керек еді», - дейді «Nur Otan» партиясы алматы қаласы филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы Борис ЖАПАРОВ.

Тамыз айының басында комиссия мүшелері келгенде, мердігер компания барлық жұмысты 27 қыркүйекке дейін бітіреміз деп ант су ішкен. Бірақ  тексеріспен барғандар бұл уәдеге күмәнмен қараған еді. Енді бұл мерзім 25 қазанға ауысты.

«Екі нысан, екі үй 40 адамнан, 80 адам жұмыс жасап жатыр. Құрылыс компаниясының есептерінде қиындықтар болды. Қазір енді бәрі орнына келді. Жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді  Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Әділет ӘБДІХАЛЫҚОВ.

«Құтты мекен» ұлттық жобасы арқасында партиялық бақылауға Алматыдағы жүзге жуық нысан алынған. Бекітілген мәслихат депутаттары құрылыс барысын қадағалап, кедергілер туындай қалса, жауапты орынға жолдайды.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров