Елімізде қару-жарақ, оқ-дәрілер сақтайтын 58 нысанның 18-і өндіріс орындарына, тұрғын үйлерге және жол мен энергетикалық инфрақұрылымдарға жақын орналасқан. Бұл мәселе бүгін Мәжілістің жалпы отырысында көтерілді. Мұндай фактілерді депутаттар әскери нысандар жұмысымен танысу барысында анықтаған. Арыстағы оқиғадан кейін біраз уақыт өтсе де әлі де мәселені шешу бойынша тиісті шаралар қабылданбағаны халық қалаулыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміз Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын ұсынды. Талқылау барысында депутаттардан сын естіп, кеткен кемшіліктер үшін ақталуға тура келді.
«Бізде маусым айында Арыс қаласында оқиға орын алды. Сіздер ең болмағанда бүгінгі күнге дейін нормативтік-құқықтық актілер қабылдау деңгейінде ешқандай шара жүргізбегенсіздер. Келесі Арысты күтіп жүрсіздер ме? Сізде екі санатты орнату ережесі бар, ол – тыйым салынған аймақтар мен аудандар. Тыйым салынған аймақтар бойынша 400 метр, аудандар бойынша-үш шақырымға дейін. Бірақ ол талаптар мүлдем сақталмайды. Былай айтқанда, ережелер бар, ал бақылау тетігі белгіленбеген», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
«Бізде барлық қоймалардың, оқ-дәрілерді сақтау базаларының жағдайына талдау жүргізілді. Иә, базалар, қоймалар және арсеналдар жанында тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандарды белгілеу ережелерін қайта қарау қажеттілігі бар. Сонымен қатар, біз кейбір заңнамалық актілерге осы тыйымдарды, соның ішінде әкімшілік ықпал ету шараларымен орындау міндеттерін енгізуге қатысты түзетулер енгізу қажет деп санаймыз», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат БЕКТАНОВ.
Мұндай жағдайға апармас үшін алдымен жергілікті атқарушы орган жер беру барысында әскери нысандар мен ұшақтардың ұшып-қону жолақтарына жақын маңға құрылыс жүргізбеу талаптарын ұстануы тиіс, деді Нұрлан Нығматуллин. Сол себепті Қорғаныс министрлігіне оқ-дәрілерді сақтау қоймалары аумағының шекарасын анықтайтын Заң жобасын әзірлеу тапсырылды.
«Сіздерде тіпті қару-жараққа байланысты бұл аумақтар километрмен және метрмен әр түрлі болуы тиіс. Біз Арыс арқылы бір қоймада 100 метрге және километрге ұшатын қару-жарақ жататынын көрдік. Жауапты комитетке Заң жобасын әзірлеуді тапсырамын. Ағымдағы сессияның соңына дейін қабылдануы тиіс. Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасы бар, 2020 жылдың маусымына дейін заңды түрде қабылдануы керек», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Жалпы отырыстан шыққан соң Қарулы күштер Бас штабының бастығы Мұрат Бектанов Ақтөбе облысының Байғанин ауданы аумағында зымыран сынығының құлауына байланысты журналистердің сұрағына жауап беруге тура келді. Оның сөзінше, бұл жағдай бойынша комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр.
«Бізде Қазақстан аумағында РФ тарапынан полигондарды пайдалану бойынша 1995 жылғы келісім бар. Комиссия тиісті жұмыстарды атқарды, шынымен де ол геофизикалық зымыран қалдықтары екені анықталды. Атап айтқанда, келісім 1995 жылғы. Сондықтан қазіргі кезде Қорғаныс министрлігі біздің аумақтар мен нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты келісімге өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс беруде», - дейді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат БЕКТАНОВ.
Министрлік анықталған сынықтар экологияға да, аймақ тұрғындарына да қауіп төндірмейді деп сендіреді.
Асылбек Тойбек «Алматы» телеарнасы