|
15.01.2020 | 22:22
6401

Алматыда оркестр мен домбыраның сүйемелдеуінде Абай әндерінің концерті өтті

Ал ақын Марфуға Айтхожина өзінде сақталған Абайдың төте жазумен шығарылған кітабын көрсетті

Алматыда оркестр мен домбыраның сүйемелдеуінде Абай әндерінің концерті өтті

Алматыда Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Бүгін Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқушылар Хәкім Абайдың бүгінгі замандағы орны туралы пікір алмасты. Жас дарындар Абай әндерін оркестр мен домбыраға сүйемелдеп концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал ақын Марфуға Айтхожина өзінде сақталған Абайдың төте жазумен шығарылған кітабын көрсетті. Қазақтың жыр аққуы Марфуға Айтхожина Абайды тектіліктің тұғыры деп біледі. Ойшылдың шығармаларын ақын балауса кезінен құлағына құйып өскен. Марфуға апамызды әкесі Ғали Абай шығармасымен кішкентайынан таныстырып, ерекше баулыпты. Тіпті оған әкесі сонау 1951 жылы Алматыда жарық көрген Абай шығармаларының толық жинағын тарту еткен екен. Төте жазумен шыққан кітап әлі күнге ақын үйінде сақтаулы.  

«Сонда әкем мені тізесіне алып отырып, осы Абай атаңның, ұлы Абайдың қай өлеңін оқып бересің, мына жиналып отырған кісілерге деп сөйтіп Абайдың өлеңдерін маған жатқа оқытатын. Кітабын өзім басыма жастанып жатып оқып өскен адам едім деп, Абай - менің рухани ұстазым деп осы. Сондықтан мен бұл кісіге өте көп өлең арнадым», - деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Марфуға АЙТХОЖИНА .

Бүгінде Марфуға апаларымыздың ізін қуып, Абай мұрасымен сусындап өсіп келе жатқан өрендер аз емес. Соның бірі оныншы сыныпта оқитын - Ақнұр. Абайдың 80 өлеңін жаттап алған жас дарын кемеңгер ақынның туындыларын тал бесіктен жадына сіңіріп келеді.

«Ол кісінің өлеңін жаттаған кезде жүрегім де бір тұңғиыққа батып, көптеген білім алдым. Өз өміріме көптеген тәрбие-тағылым алдым десем де болады. Себебі әр өлеңі біздің қазіргі болашаққа деген қадамымызға нық басуға көмектеседі», - деді К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Ақнұр АЙДАРҚЫЗЫ.

Ақнұр қаладағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінде білім алады. Аталмыш оқу ордасында Абай әлемі балаларға етене жақын түсіндіріліп, шығармашылығы тереңдетіліп оқытылады. Бүгін де мұнда Ұлы ақынның 175 жылдығы аясында дөңгелек үстел өтті. Талай музыка саласының дарындары түлеген мектепте Абайдың композиторлық қырына ерекше мән берілген.

«Ұлы Абай тек ақын, тек болашақты болжайтын ғана кісі емес, ол кісі композитор да болған. Қандай керемет ән, романстары бар. Домбыраға арналған күйлері бар. Бүгін біздің мектептің халық аспаптар оркестрі Абайдың әндерін, Абайдың күйлерін орындап, кішігірім концерт берейін деп отырмыз»,  - деді К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының директоры Ақан ӘБДУӘЛИЕВ.

Шараға келіп, жас ұрпаққа өнегелі әңгімесін айтқан белгілі ақын Иран-Ғайып та ес білгелі Абайды танып өстік дейді. Жатса, тұрса Абаймен сырласатын қаламгердің өзегін бір өкініш өртейді. Ол - заманында Абай хақында қалам тербеуге рұқсат бермеген сұрқия саясатты сынайды. Десе де ақынды бүгінгі Абай мерейтойының дәл уақытында қолға алынғаны қуантады.

«Президентіміз келіп, өзі бастап Абайды қолға алды. Осыны егер поэзия тілімен айт десеңіз қысқаша ғана: «Абай десем, осылай күй дегенім, Есіңді жи дегенім. Еліңді сүй дегенім. Абай десем» деп айтар едім. Енді шын махаббат елге деген, шын қызмет бүгіннен басталады ғой деп ойлаймын», - деді ақын, драматург ИРАН-ҒАЙЫП.

Абай тұлғасы жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеуге арналған таптырмас шамшырақ болмақ. Себебі Абайды танып өскен өреннен, әлем мойындаған тау тұлғалар туарына шүбә жоқ.  Бүгінгі қазақ идеологиясының діттеген мақсаты да осы.

Назкен Еркін, Валерий Таубалидев «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир