Тұрғымбаев көші-қон полицейіне жұмысын Шымкентке ауыстыруына көмектесетінін айтты
Бүгін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде полицейдің келіншегі күйеуінің мәселесін шешіп беруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, жолдасы көші-қон полициясында жұмыс істейді. Енді, жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауыспақшы. Бірақ тиісті құжаттарға қол қойылмай жатқан көрінеді.
«Мен пәтер сұрайын деп жатқан жоқпын. Бізге өзіміздің туған жеріміз – Шымкент қаласына ауысуға тура келіп тұр. Бала-шағамыз сол жақта. Құжаттар мұнда келді. Бірақ қол қойылмай жатыр, жіберілмей жатыр. Оны не істеуге болады? Бізге көп күтуге болмайды. Пәтерде тұрамыз. Бала-шағамызбен екі жақта жүрміз», - деді полицейдің келіншегі.
Осыдын кейін министр Тұрғымбаев мәселенің мән-жайын тағы анықтап, полицейдің аты-жөнін сұрады. Осы кезде полицейдің келіншегі: «Ол менің мұнда келгенімді білмейді. Енді...көре жатармыз», - деді. Ал залда отырғандардың бәрі күліп, қол шапалақтай бастады. Министр болса, аталған мәселені шешіп беруге уәде етті.
«Мына жерде кадр департаменті бастығының орынбасары бар. Қазір бәрін жазып алыңыз. Ауыстырып береміз», - деді Тұрғымбаев.