Алматыда «Біз біргеміз» акциясы жалғасып жатыр

www.inform.kz
www.inform.kz
Наурызбай ауданында тұратын 25 адамға қорғаныс құралдары бар сөмке табысталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Біз біргеміз» акциясы жалғасып жатыр. Наурызбай ауданында тұратын 25 адамға қорғаныс құралдары бар сөмке табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бастаманы бас партия бастаған. Оның аясында еліміз бойынша 7000 адамға көмек көрсетіледі. Nur Otan партиясы  Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жалғыз басты қарттарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аса көмек қажет дейді. Сондықтан үй-үйді аралап, дезинфекциялық заттарды таратып жүр.

Мүгедек бала бағып отырған, жалғызбасты Балжан Аршабекованың отбасына дезинфекциялық заттар аса қажет. Карантин кезінде қалада антисептик құралдар да оңай табыла қоймайды дейді ол. Оның үстіне, сұйықтық та тез таусылып қала беретіндіктен, қалтаға айтарлықтай салмақ салады.

«Сіздерге рахмет! Осындай маска және антисептик, тағы да заттар алып келіп отырсыздар. Жаңағы антисептиктер мен сабындар алып келіп жатса, шынымды айтсам, жалғызбасты ана үшін кәдімгідей көмек», – деді Алматы қаласының тұрғыны Балжан АРШАБЕКОВА.

Одан кейін Nur Otan-дықтар көпбалалы ананың үйіне бас сұқты. Төрт баланың анасы тосыннан келген кәдеге жарайтын сыйды көріп қуанып қалды. Сөзінше, қазіргі таңда тазалық шараларын қатаң ұстау керек. Ал дезинфекциялық құралдар таптырмайтын нәрсе.

«Бізді көп балалы отбасы болған соң осылай елеп-ескеріп,  ең керекті заттарымызды алып келіп жатырсыздар. Қазір бәрі тапшы. Оны әркімнің қалтасы көтермейді. Осындай кезде қолдап, көмектесіп жатқан Nur Otan-ға рахметімізді айтамыз», – деді көпбалалы ана Қарлығаш НҰРСЕЙІТ.  

Жалпы Наурызбай ауданында көмекке мұқтаж 500-дей отбасы бар. Акция басталғалы оның 100-ден астамы көмекке ие болды. Ал бүгін 25 жанұя қорғаныс құралдарына қол жеткізді. Сөмкеде сабын, антисептик және маска бар.

«Үйлерінен шыға алмай жатқандар көп. Өйткені карантин жарияланғаннан бастап шығуға мүмкіндігі болмай қалды ол кісілердің. Сондықтан біз Jas Otan  жастар қанатымен акцияны қайтадан қолға алдық.  Өзіміздің ауданның волонтерлері бар, солармен бірге осылай көмек берудеміз.  Қазір адамдар далаға шықпайды, әр үйге кіріп,  өзіміз қойып береміз», – деді Алматы қалалық Nur Otan партиясы Наурызбай аудандық филиалының бөлім басшысы Әйгерім ТҮГЕРЕКОВА.

Жалпы «Нұр Отан» партиясы карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына 150 млн теңге қаржы бөлді. Оның 75 млн теңгесі Алматы қаласына тиесілі. Ал, «Біз біргеміз» акциясы әрі қарай да жалғасын таба береді.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы

Новости партнеров