Өмір мен өлім арасы: Астанада 10 отбасы өз үйін сүруді талап етіп отыр

 Almaty.tv.
Almaty.tv.
Сырдария көшесі – Астана билігінің назарынан тыс қалған аумақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада орталық базардың қасында қоныстанған 10 отбасы жоғары кернеулі сымның астында тұрған үйін сүруді талап етіп отыр. Тұрғындар әлгі тоқтың кесірінен балаларын далаға шығаруға қауіптенеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Астаналықтар арасында «Артем» аталып кеткен базарға жақын орналасқан үйлердің қабырғасы сөгіліп, дарбазасы құлағалы тұр. Сырдария көшесінің тұрғындары баспанасын сүруді өтінгеніне бірнеше жыл болды. Олардың айтуынша, төбеден өтетін жоғары кернеулі сым өміріне қауіпті. Жаңбырлы күндері далаға шығудан қорқады. Он жылдан аса тұрған кейбірі онкологиялық ауруға шалдыққан көрінеді. Сондай-ақ тұрғындардың қан қысымы жиі көтеріліп, әйелдердің шашы түсіп, аллергия пайда бола бастаған.

«Неден аллергия пайда болғанын білмеймін. Кез келген уақытта қол-аяғым, бетім ісіп кетеді. Сәлден кейін қайта басылады. Осы тоқтың әсері деп ойлаймын. Жаздық, айтық. Қашан алады?» – деді қала тұрғыны Қаныбек Мырзабаев.  

Сырдария көшесіндегі 110 мың киловат тоқты көтеріп тұрған баған 3 жыл бұрын майыса бастаған. Қисайғанын байқаған жауаптылар оған тіреуіш орнатыпты. Маңайдағы тұрғындарың айтуынша, баған құласа, жатақханадағы 60 отбасын басып қалуы мүмкін.

«Бізге Ақмола облысы электр желілік үлестіру компания басшысының орынбасары келген. Сол кезде ол кісі «баған құласа, тоқ автоматты түрде өшеді» деген еді. Сонда біз жоғары кернеулі тоқтың астында тұрғанымызбен қоса, бағанның құлағанын күтіп жүруіміз керек пе? Біздің үйді тезірек сүріп тастасын. Талап – осы», – деді қала тұрғыны Арайлым Сайдалина    

Сырдария көшесі  Астана билігінің назарынан тыс қалған аумақ. Бұнда кәріз жүйесі жоқ, жолға асфальт төселмеген. Аймақ елорда кейпін құртатыны айдан анық. Оны Президенттің өзі де айтқан еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қалалардың сырт келбетіне көңілі толмайтынын алға тартып, шаһар басшыларына қаланы жаяу жүріп, аралауға кеңес берген. Астана әкімдігі мәселені біледі.

«Жоғары кернеулі тоқтың астында тұрған үйлерді сүру бағдарламасы 3 учаскеде жүріп жатыр. Ыбыралы көшесі мен Алаш шоссесінің арасына көше түседі. Екіншісі, Жиенқұл мен Биші қайың арасы. Соңғысы, Биші қайың мен Жангелдин көшелері арасындағы үйлерді сүру қарастырылған. Қазір баспаналарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамыр айында дәл осы Сырдария көшесіндегі үйлерді сатып алуды бастаймыз», – деді қалалық тұрғын үй инспекциясы басқармасы бөлімінің бас маманы Думан Оспанов.

Маманның айтуынша, үйлерді сүру процессі 1-2 күнде біте қоятын жұмыс емес. Бағалаушы компания қызметкерлері бұзылатын әр үйдің құнын шығаруы керек. Ол нарықтағы бағадан аспауы қажет. Кейін үй иелерімен келіссөздер жүргізіледі. Соңында баспана бұзылады. Айта кетейін, бұл аумақты қоныстанған тұрғындардың 99 пайызы басқа жерге көшуге дайын отыр.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров