Алматы облысындағы Жаңатұрмыс ауылында жұрт жерге таласып жатыр

07.05.2022 03:21

Ауданы 69 гектардай жер телімін сатып алған 14 адам қажетті құжаттар бар дейді

Almaty.tv

Алматы облысындағы Жаңатұрмыс ауылында жұрт жерге таласып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір мәмілеге келе алмаған екі тарап кеңес үкіметі тұсында шаруа қожалығына тиесілі болған аумақты тартысқа салып, бір шешімге келе алмай дал. Ауданы 69 гектардай жер телімін сатып алған 14 адам қажетті құжаттардың барын айтады.

«Нотариус арқылы сатып алғанбыз. Біз де ақ қағазды берсе, сатып ала салмаймыз ғой? Заңды құжат көрсетті, архитектурадан тексердік, көзіміз жеткен соң ғана сатып алдық. Прокуратураға ұжыммен «Мына кісілер біздің жерге кіріп үй салып жатыр» деп әр учаскенің қожайыны арыз жаздық», – деді сатып алушы Асхат Ысқақов.

Сатып алушылардың айтуынша, жерге таласқан жұрттың қолында нақты құжат жоқ. Соған қарамастан аумаққа үй «заңсыз» салынып жатыр деген пікірде. Жер біздікі деп ашынған қара халық мұнда құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Алайда жер телімдерін заңды түрде сатып алдық  дегендер тұрғындардың бұл әрекетімен келіспейді. Жер телімін қайткен күнде аламыз деп отырған ел - кезінде дәл осы аумақта құрылып, кейін жабылған қожалықта еңбек еткен. Олардың сөзінше, 90-жылдардағы жекешелендіру кезінде жер соларға берілу керек болған.  

«Бізге өз жерімізді берсін. Біз ештеңе сұрамаймыз. Қартайдық. Осы совхоздың түнімен қызылшасын жинаймыз деп ауру да таптық», – деді Райымбек ауылдық округінің тұрғыны Айгүл Ошақбаева.

Жер меншігіне толық тимеген соң жұрт жергілікті әкімдікке де, прокуратураға да арызданған.

«650 гектар жер бөлініп, әкімнің шешімімен меншік құқығы шаруаларға берілді. Бірақ кейін бәрі өзгеріп, әкім басқа қаулы шығарды. Содан олар жер телімі өз мақсатында қолданылып жатқан жоқ деп шаруаларға бермей қойды. Бірақ бұл – еңбегі сіңген халыққа тиесілі мекен», – деді заңгер Ләззат Жапашева.

Тұрғындар сатып алушылардың айтқан сөзін жоққа шығарып, құжаттың оларда да барын айтты. Бірақ түпнұсқасы кезінде өртеніп кетіп, көшірмесі ғана қалған дейді. Ал қазіргі сатып алушыларда құжаттан бөлек, алып-сату шарты да бар екен. Десе де, жердің нағыз қожайындарын облыстық жер инспекциясы анықтайтын болады.

«2017 жылы «Проблемалық несие қоры»АҚ  жерді сатып алып,  сатып жіберді. Енді жер «Мамед» шаруа қожалығына емес, сатып алған 4-5 шаруа қожалықтың меншігінде.  Осы мақсатта олар пайдаланып отыр», – деді Қарасай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сырым Жарқымбаев.

2016 жылы өткен сотта мәселе сатып алғандардың пайдасына шешілген. Келіспеген халық бұл істі қайта қарау керектін талап етіпті. Ал шаруалардың мүддесін қорғаған заңгер телімге қатысты мәселені жоғарғы билікке жеткізбек.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы