Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған туынды жарық көрді

25.06.2020 02:37

«Елбасы жолымен» кітабы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің соңғы жиырма жылда атқарған еңбегінің жемісі

Almaty.tv

Алматыда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған туынды жарық көрді. «Елбасы жолымен» кітабы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетінің соңғы жиырма жылда атқарған еңбегінің жемісі. Туынды егемен еліміздің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін топтамалы мақала-эсселерімен, сирек кездесетін фотосуреттерімен ерекше. Оқырманға жол тартқан кезекті еңбек несімен құнды? Тақырыпты тілші жалғастырады?

Осыдан тура 2 жыл бұрын Қазақ Ұлттық аграрлық университетінен «Назарбаев білім, ғылым және рухани жаңғыру институты» ашылды. 4 залдан тұратын орталықта «Елбасы кітапханасы» да бар. Мұнда Тұңғыш Президент туралы жазылған 3 мыңға жуық еңбек қойылған. Жуырда кітапхана қоры тағы бір жаңа туындымен - «Елбасы жолымен» атты кітаппен толықты.

Кітаптың бірінші бөлімінде Ұлт Көшбасшысының Тәуелсіздік бастауынан бүгінгі аралыққа дейінгі қажырлы еңбегі баяндалса, екінші бөлімде Елбасының тікелей қолдауымен іске асырылған ауқымды жобалар айтылады. «Бұл еңбектің жастарға берер тағылымы мол», – дейді автордың өзі.

«Кітап жас ұрпақтың рухани адамгершілік тәрбиесі мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ерекше серпін береді. Мемлекетіміздің жаңа тарихы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлға тұңғыш президентімізге тән көрегенділік қасиеттер әрбір қазақстандыққа үлгі-өнеге», – деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.

Қарасай батыр орта мектебінен ашылған Елбасы музейінің іргесін қалаған ардагер ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Шәйкенқызы оның еңбегін қашанда жоғары бағалайтынын айтады.

«Елбасының еңбегін жоғары бағалаймыз. Ол кісінің терей ойының нәтижесінде көптеген табыстарға жеткен. Елбасының арқасында бізді бүкіл әлем таныды. Әсіресе, 56 мемлекеттің басын қосқан ынтымақтастық ұйымының саммитін өткіздік. Ол саммит 11 жылдан бері өтпеген болатын. Саммитті өткізу арқылы қазақ халқының қонақжайлылығын, мәдениетін, ақ дастарханын бүкіл әлем таныды», – дейді «Шапағат» өлкетану мұражайының меңгерушісі Рымкеш Байқонысова.

Жинақта рухани бағыттағы өнегелі жобалар жан-жақты көрсетіледі. Туынды студент жастардың білімге деген құлшынысын арттыруымен де құнды болмақ.

«Елбасы туралы кітаптың көптігін біз білеміз. Бірақ бұл кітаптың кұндылығын, ерекшелігін атына қарай қарастырумыз керек. «Елбасы жолымен». Шынымен де, Елбасы жолы жаңа егемен Қазақстанның қалыптасу жолы, бүкіл қазақстандықтардың тәуелсіз елде даму жолы», – дейді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

«Елбасымыздың тәуелсіздікті баянды етуге қажырлы еңбегі мен игі бастамалары жан-жақты өте жақсы көрсетіліп баяндалған. Елбасының еңбек жолы – нағыз өнеге мектебі», – дейді «ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы кітапханасының» директоры Әмірхан Рахымжанов.

Елбасының ұстанған жолы, ұсынған саяси бағдары, мемлекеттік қайраткерлігі, жасампаздық және жаңашыл тұлғасы жаңа жинақта жан-жақты сипатталған.

Кітап жалпы оқырманға арналады.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы