Оған бюджеттен 392 миллион теңге қарастырылған
Алматыда жыл басынан бері 700-ден астам адам өз кәсібін ашу үшін 555 мың теңге көлемінде грант алған. Оған бюджеттен 392 миллион теңге қарастырылды. Ал жұмыспен қамту орталығына 36 мыңнан аса адам жүгініпті. Бүгін бұл туралы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, грантқа ие болғандар «Бастау Бизнес» курсын оқыған. Олар қазір жаңа бизнес идеяларын жүзеге асырып жатыр.
«Бүгінгі таңда 706 адам Алматы қаласы бойынша грант алған. Олар өздерінің кәсіп көзін ашып жатыр. Қызметтерін жасап жатыр. 555 мыңға дейінгі көлемде грант бар. Оқып грант алам деушілер болса жұмыспен қамту орталығына хабарласса болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 104 миллиард теңгеге 216 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асады. Ал бастысы құрылыс барысында жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Бағдарлама аясында 26 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі таңда Алматыда 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 17 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 5 мың тұрғын уақытша жұмысқа кірді.