Алматыда тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түлік бағасы қымбаттады

Almaty.tv
Almaty.tv
Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін кәсіпорындар мен ұйымдар қызметтерінің құнын өсірген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төтенше жағдай аяқталғаннан кейін әлеуметтік маңызы бар және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түлік бағасы қымбаттаған. Тіпті, жұмысын бастауға рұқсат алған кәсіпорындар мен ұйымдар қызметтерінің құнын да өсірген. Ал бағаны бұлай көтеруге не себеп? Almaty.tv тілшісі тарқатады.  

4 сәуірде азық-түліктің бірнеше түріне шекті бағалар қойылған еді. Алайда, Алматыдағы кейбір дүкендерде тауар бағасы карантинге дейінгі құнынан көтеріліп кеткен. Мәселен, бірінші сортты ұн өнімдері 211 теңге болса, 10 дана жұмыртқа 351 теңгеден аспауы тиіс еді. Ал қазір дүкен сөрелерінен аталған өнімдерге бағаның қосылғанын байқауға болады. 

«Бұрын картопты 109-110 теңгеден алсақ, қазір 160 теңгеден аламыз. Тіпті, жоқ та. Сәбіз де 160 теңге болған. Тіпті, тауықтың бағасын да қымбаттатып жіберіпті. «Неге?» десең, «доллар қымбаттады» деп шығады», «Бұрын бір шыққанда 20 мың теңге кетсе, қазір 38 мың теңгем кетті. Сонда баға екі есе өскен болып тұр ғой. 42500 теңге берді, одан да түк қалмады»,- десті біз сөзге тартқан тұрғындар.

Мына сауда дүкенінің ашылғанына екі күн ғана болған. Жұмыстарын бастағандарына көп болмаса да, дүкенге келушілерге арналған «Тауардың құны 15 пайызға қымбаттады» деген ескерту қағазын іліп қойған. Десе де, мұнда келушілердің саны азаймаған. Ал дүкен иесі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын - жеткізу қызметімен байланыстырып отыр. 

«Өнімдерді жеткізушілер бізге тауардың құнына 15 немесе 20 пайыздай ақша қосып әкеледі. Біз қайта орташа бағаны ұстап тұрмыз. Неліктен бағасын қымбаттатқанын жеткізушілерден сұрау қажет. Мүмкін, доллар бағамы әсер еткен шығар. Себебі, келесі тауарды олар жаңа бағамен алады. Ал біз Қытайдан аламыз», - дейді дүкен иесі Наталья КИРИЛОВА. 

Бағаны көтерудің себебі алуан. Кәсіпкерлер шығынға батпас үшін, тәуекелге барып отыр дейді мамандар. Ал сұлулық салондарының иелері шаш қию қызметін әйелдерге - 4700, ерлерге - 2800 теңге деп көтеріп тастаған.

«Тауарлардың жекелеген түрлеріне, сондай-ақ қызметтерге, оның ішінде салондарда қызмет көрсету бағаларының қымбаттауы - бұл кәсіпкерлерге байланысты. Яғни, нарықтық қатынас. Сондықтан кәсіпкер өз бағасын белгілеуге құқылы. Үкімет бағаны көтермеуге кеңес беруі мүмкін. Мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын реттейді. Екі ай бойы кәсіпкерлер жұмыс істемеді. Сондықтан олар бүгін жоғалтқан пайдасын өтеуге тырысуда», - деді «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің президенті Артық СЕЙТҚАЛИЕВА.

Сондай-ақ, қалада қант, ет, арпа өнімдері мен жемістер және көкөністердің де бағасы біраз қымбаттаған. Ал олардың құны қай уақытта тұрақталатыны әлі белгісіз. Тек Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін «Карантин кезеңіндегі тауарлық қауіпсіздік» веб-платформасын жасаған болатын. Ол онлайн режимде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын бақылауға мүмкіндік береді.

Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров