Салаға жауапты мамандардың айтуынша, бұл жер осыдан 20 жыл бұрын жекенің меншігіне өткен
Үйімізге кіріп-шығуымыз мұң болды. Осылай деп шағымданған Алматының Алатау ауданы халқы орталық көшеге шығар жолды ашып беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданындағы тұрғын үй кешені 6 ай бұрын ғана пайдалануға берілген. Баспаналы болдық деген жұрттың қуанышы көпке созылмады. Олар үйлеріне кіріп-шығатын жалғыз жолдың жабылып қалғанына қапалы.
– Бізде қазір тек Рафикова көшесімен кіреміз. Ал жаяу жүретіндердің жолын да жауып тастаймыз деп отыр. Сонда біз солтүстік айналымға шығу үшін 300 метрден емес, 1,5 км айналып өтуіміз керек болады, – деді қала тұрғыны Алтын Уазбекова.
Оқу маусымы кезінде балалар мектепке бару үшін де дәл осы жолмен жүруге мәжбүр. Себебі білім ордасы жолдың арғы бетінде орналасқан.
– №87 мектепте екі балам оқиды. Мен ана жақта жанымды шүберекке түйіп күтіп отырғаным. Қалай балалар келеді деп, Рафикова көшесімен өте алмайсың, – деді қала тұрғыны.
Тұрғындардың айтуынша, үйді тұрғызған компания өкілдері бастапқыда «солтүстік айналма жолға шығатын тікелей бағыт салып береміз» деп уәде еткен көрінеді. Пәтер кілтін беріп, бәрі орналасқаннан кейін келісім өзгергенін айтып отыр.
– Халыққа кім уәде бергенін білмеймін. Сату бөлімі бөлек, ал біз құрылыс компаниясы. Бас жоспар бойынша жұмыс жасаймыз. Ал артымыздағы жол басқа біреудің меншігінде. Бұл жерге кіріп, жол сала алмаймыз, – деді құрылыс компаниясының өкілі Асхат Асанбаев.
Тексеру кезінде солтүстік айналма жолға шығатын аумақтың жеке адамның иелігінде екені белгілі болды. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, бұл жер осыдан 20 жыл бұрын жекенің меншігіне өткен.
– Өздеріңіз байқап отырғандай, нақты пайдаланатын жер тұр. Бірақ ол жекеменшік иегерінің жер телімі арқылы өтіп жатыр. Бүгінгі таңда сол жолды заңдастыру үшін осы жер телімінің иесімен келісім арқылы сатып алып, кіріп-шығатын жолды ұйымдастыруға мүмкіндік бар, – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Сембаев.
Тұрғын үй құрылысын салу кезінде жобалау құжатынан кімнің олқылық жібергені әзірге белгісіз. Мұндағы жұрт мәселе шешілмей, созбаққа салынса, сотқа жүгінуге дейін барамыз деп бекініп отыр.
Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы