Алматыда 10 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылмаған. Олардың санын азайту мақсатында қалалық жастар саясаты басқармасы Career Day жобасын қолға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсаты – жұмыс берушілер мен екі қолға бір күрек іздегендердің басын қосу.
Жанель Қасымова биыл жоғары оқу орнының екінші курсын тәмамдаған. Демалысқа шыққанына да көп бола қойған жоқ. 3 айлық демалысында бос жатпай, еңбекке араласуға ниетті. Шамасы келсе, мамандығына сай жұмыс тауып, өз саласын қазірден бастап меңгергісі келеді.
«Қазір жұмыссыз жүрген жастар өте көп. Осындай іс-шараның арқасында өзіне керекті мамандықты таңдап, сол бағыт бойынша жұмыс табу оңай», – деді студент Жанель Қасымова.
Іс-шараға қаладағы ірі компаниялардың 200-ден астам өкілі келіп, жас мамандарға бос жұмыс орынын ұсынды. Еңбек нарығына қажетті мамандықтар қатарында техникалық және қызмет көрсету бағыттарына сұраныс көп.
«Ауқымды іс-шара қаланың 8 ауданында да өткізіледі. Бүгін Алмалы ауданында алғаш ұйымдастырылып отыр. Мұндағы мақсат – жастарға еңбек нарығы мен оқу орындары туралы ақпарат беру», – деді Алмалы ауданының әкімі Айдар Жәкібаев.
Сондай-ақ, қала әкімдігі биылдан бастап мегаполисте Job Fair платформасын іске қосты. Бұл – екі қолға бір күрек іздеген жастар мен жұмыс берушілерді бір арнаға тоғыстыратын цифрлық алаң. Платформаға ұялы телефонына QR-кодты сканерлеу арқылы тіркеле алады. Осылайша, қалаған бағыты бойынша еңбекке араласуына мүмкіндік туады.
«Бүгінде Алматы қаласында тұратын жастар саны 700 мыңнан асады. Бұл жалпы қала тұрғындарының 37 пайызы. Алматы – жастар қаласы. Дарын иелері де осыннан шығады. Ал біз оған қолдау көрсетуіміз керек», – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Жәрмеңкеде өз саласының үздік мамандары жастарға арнайы шеберлік сағатын өткізіп, сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, қатысушыларға кеңес беріліп, кәсіптік оқыту және арнайы семинарлар туралы да ақпарат айтылды. Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, мегаполисте 10 мыңға жуық жас жұмыссыз жүр.
Ұлағат Арғын, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы