Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін ел экономикасын көтеруге жарату уақыты жетті. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, әсіресе, ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған жайылымдық жер мәселесі Заңмен шешілуі тиіс деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, бос жатқан жерлерді өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыда мәжбүрлеу үшін 2020 жылдың желтоқсан айында Салық кодексіне ауыл шаруашылығы жерлерінің салық ставкасын 10-нан 20 есеге дейін арттыруды көздейтін түзетулер енгізілген болатын. Сонымен қатар, Заң жобасында іске жаратылмай жатқан жерлерді тексеру мен алып қою мерзімін 3 жылдан 1 жылға қысқарту қаралған.
«Бұның бір қайшылықты тұсы сотқа береді де, сот бір жылдан екі жылға, екі жылдан үш жылға созылып жүре беретін процесс. Сондықтан жылдамдатып 1 жылдың ішінде шешілу керек шешілмеген жағдайда келісімшарт бір жақты үзіліп, мемлекетке жер қайтарылып жатыр. Сондықтан ел Президентінің жалпы жерге деген қатынас, жердің құқығын иелену мәселесі халыққа тиімді болу үшін жасалып жатқан норма», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Ал, депутат Айдос Сарым бүгінгі отырысқа қатысты өз ойын білдірді. Оның пайымынша бизнес өкілдеріне жерді меншікке беру жағын да қарастыру керек.
«Мысалы, жерді еш үзіліссіз 20-30 жыл еш үзіліссіз қиындығына, суығына, бәріне тоңып, күйіп жүрген азаматар бар. Кәдімгідей кәсіпорын ашып, 20 жыл бойы ақшасын салып, еңбек орнын қалыптастырып, ауылын көркейтіп, дамытып, мектеп салып, басқасын салып, жасап жатқан мықты азаматтар жоқ емес, бар. Бәлкім, соларға мотивация болу үшін олардың жер мәселесінде сенімі пайда болуы үшін меншіктің кілтерін аша бастау керек шығар...», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.