Қазақстанда 19 миллионыншы тұрғын дүниеге келді. Ел үшін айтулы маңызы бар осынау қуанышпен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтап, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Сондай-ақ, бұл жыл былтырғымен салыстырғанда бала туу көрсеткішінің 8 пайызға артқанымен де есте қалып отыр. Елдің тарихи қуанышына сеп болған сәбиді Almaty.tv тілшісі де көріп қайтқан еді.
Азаматқызы Жания 20 маусымда өмірге келген екен. Бойы 55 сантиметр, ал салмағы 4 келіге жуық болған сәби осылайша ел қуанышына себеп болып отыр.
2007 жылы шаңырақ көтерген отбасы қазір 3 қызды тәрбиелеп отыр. Ал, ел сүйсінер жаңалықты кеше ғана естідік деген анасы аздап қобалжығанын да жасырмады.
Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің 19 миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала» – деп твиттердегі парақшасында жазба қалдырған еді.
«Кеше түнгі 23:00 шамасында естідік. Дәрігерім хабарласып, сол кісі айтты. Президент құттықтап жатыр деді. Соны естіп, қуанышымызда шек жоқ», – деді анасы Назгүл Көбентаева.
«Шыны керек, басында сеніңкіремедік. Шатасып кеткен шығар деп. Бірақ енді, шын болып, өздеріңіз де келіп тұрсыздар. Халық саны көбейе берсін. 19 миллионнан 20 миллионға тезірек жетейік. Қазағымыз көбейе берсін», – деді әкесі Азамат Нұрғалиев.
Он тоғыз миллионыншы тұрғынның ата-анасын арнайы құттықтауға облыстық, аудандық әкімдік өкілдері де келді. Өз кезегінде облыс әкімінің құттықтау хаты мен сыйлығын табыс еткен маман кезекті қуаныштың да Алматы аумағынан шыққаны- зор мәртебе екенін атап өтті. Айта кетейік, 2017 жылы Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны ресми тіркелген еді. Ол Алматы облысында дүниеге келген Муслима Саматқызы болатын.
«Негізі тек қана Алматы облысы емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен жетістік, менің ойымша. Мемлекет басшысы айтқандай, ол – біздің еліміздің мақтанышы. 19 миллионға, Құдайға шүкір, бәріміз жетіп отырмыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев.
Жалпы былтырғымен салыстырғанда биыл туу көрсеткіші біршама артып отыр. Қуанарлық жайт. Ресми ақпарға сүйенсек, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш осы жылдың алғашқы айларында-ақ тіркелген.
2020 жылдың бірінші тоқсанында: 92,7 мың сәби
2021 жылдың бірінші тоқсанында: 100,5 мың сәби дүниеге келіпті.
Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы