Биыл құрылыс материалдарының бағасы неге қымбат

elements.envato.com
elements.envato.com
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша сұранысқа ие тауарлар 10 пайызға қымбаттаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл құрылыс материалдар бағасы мың құбылып, тұрақтамай тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, қаңтардан бері сұранысқа ие тауарлар орташа есеппен алғанда 10 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылыс маусымы басталған сәтте баспана салу немесе жөндеу жұмысын жоспарлаған жұрт құрылыс дүкендеріне ағылатыны рас. Бірақ пандемияға дейін көктем мен жазда ғана өскен баға қазір ай сайын қымбаттап барады. Мысалы, наурыз айында 1787 теңгеден сатылған цементтің 50 келісі сәуірде 1811 теңгеден саудаланған. Ал құрғақ құрылыс қоспаларының 25 келісі бүгінде 3193 теңге. Қабырғалық кафельдердің де құны қалысар емес. Өткен айлармен салыстырғанда оның да бағасы 10 пайызға артыпты. Тұрғын үйді жөндеуде қолданатын материалдардың ішіндегі ең қымбаты – тұсқағаздар. Оның 10 метрі орташа есеппен алғанда, сәуірде 10 мың 186 теңгеден сатылған. Бұдан басқа ірілі-ұсақты құрылыс материалдарының да бағасы тұрақсыз. Оған халық дүкендерді кінәласа, кей сатушылар «ортадағы алып-сатарлар тауардың құнын мың құбылтты» дейді.

«Бұрынғыдай таңдай алмаймыз. Бір компания келсе, солардан ғана алсам, бағалары өсіп кеткен. Қытайдың тауарлары доллармен есептеледі. Мысалы, ертең көтеріліп кетсе,тауар да қымбаттап кетеді. Ал түссе, бағасы түсіп кетпейді», – деді  сатушы Баян Нысанбаева.

Құрылыс дүкендерінде көбіне сырттан келген тауарлар сатылады. Себебі біздің елде кірпіш, бетон, арматура, қыш тақта, желім, газоблок, цемент, қиыршық тас, мәрмәр, гранит, құм сынды материалдар шығады. Ал бұлармен тек үйдің сырты ғана бітетіні жұртқа айтпаса да түсінікті. Сондықтан жетпеген затты сырттан алдырамыз.

«Заң бойынша біздің қазақстанда шығарып жатқан өнімдерге қолдау бар. Біріншіден, ол –  біздің кәсіпкерлерді көмек.  Салық төленеді. Сондықтан біздің, жергілікті, шыққан құрылыс жабдықтарын қолданып жатыр. Бірақ жетіспейді. Өйткені құрылыс жүріп жатыр, нысандар салынып жатыр. Ресейден әкелуге тиіс болып отыр», – деді «Қазақстан құрылысшылар одағы» РҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Мусин.

Саудагерлердің айтуынша, биыл сырттан келетін құрылыс материалдарының бағасы тұрақсыз. Ал оның себебін сұрағандарға делдалдар түрлі сылтау айтатын көрінеді. Ресми дереккөздер бойынша, еліміздегі құрылыс материалдарының 54 пайызы – отандық өнімдер. Ал қалған 46 пайызы шеттен келеді. Ресейден ағаш бұйымдар, линолеум, арматура, керамика, алюминий профилі, сыр, кірпіш, панель, шыны сатып аланады. Ал Қытайдан гранит, қыш тақта, керамика, лифт, сондай-ақ сантехника бұйымдарын алдырамыз.  Түркиядан мәрмәр мен гранит, керамика мен лифт, санфаянс әкеледі.  Құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, қазір Ресейден келетін тауарлардың, әсіресе бояудың бағасы қымбаттап кетті. Өткен аптада 9800 теңгеден келген 25 литрі, енді 10800 теңгеден сатылып жатыр. Сондықтан бағаның құбылуына жеткізушілер «қатысымыз жоқ» дегенге келтірді.

«Біз тауардың құнына ақша қоспаймыз. Тек жеткізу жұмысына ғана аламыз. Тауарды тапсырыс беруші алады. Қалай алдық, солай жеткіземіз. Жалпы сомаға 10-5 пайыз деп есептейміз. Соның ішіне жеткізіп беруі құнын есептейді» – деді құрылыс компаниясының сату менеджері Оразай Секеров.

Саудагерлер мен компания өкілдерінің айтуынша, материал қымбаттамаса,  құны түскен жоқ. Бірақ биылғыдай бағаның тұрақсыздығы, бұрын болмаған. Сарапшылардың да айтары осы.  

«Мәселенің бір ғана шешу жолы бар. Кәсіпкерлер енді инвестиция ретінде зауыт-фабрикаларды ашу керек. 2020 жылы коронавирусқа байланысты локдаун болғанда құрылыс нысандары жұмысы тоқтаған. Өйткені экспорт-импорт дегендер жабылды. Басында кәсіпкерлер Қытайдан немесе Ресейден ала саламыз деп ойлаған. Өзіміздің жергілікті өнім шығарсақ, онда біз ешкімге тәуелді болмаймыз», – деді  «Қазақстан құрылысшылар одағы» РҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Мусин.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылға қарай елдегі импорт көлемін 27%-ға дейін азайту көзделіп отырған көрінеді. Ал сарапшылар өндірісті дамытпай елдің өркендеуі екіталай деген түйін айтты. Бірақ, өндіріс ілгері басу үшін әуелі ғылымға көңіл бөлінуі керек.


Новости партнеров