Өмір үшін арпалыс. 6 жасар Заңғар есімді бүлдіршін ақ қан дертін жеңіп шықты ма? Балақайға осыдан 3 жыл бұрын «жедел лимфопластикалық лейкоз» диагнозы қойылған еді. Есіңізде болса, өткен жылы Оңтүстік Кореяда ем алып жатқан баланың әке-шешесі арнамыз арқылы халықтан қаржылай көмек сұраған еді. Нәтижеде шетелде екі бірдей күрделі ота жасалып, Заңғарға химиотерапия курсы тағайындалған болатын. Саулығын бүкіл ел тілеп отырған баланың қазіргі жағдайы қалай. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп қайтқан еді.
Әу баста Заңғар арқасының жиі ауыратынын айтып мазасызданған еді. Артынан жергілікті дәрігерлер «лейкоз» деген диагноз қояды. Отандық ауруханаларда 8 ай бойы емделсе де, баланың жағдайы тек нашарлай берген. Шарасы қалмаған ата-ана, жинап-тергенін сатып Заңғарды Оңтүстік Кореядағы транцплатациялау орталығына апарады.
Қазақстанда дертіне дауа таппаған Заңғар бір жыл бұрын ата-әжесімен Оңтүстік Кореяға аттанған еді. Шетелде қабылдаған емнің арқасында балақайдың беті бері қарады. Енді, міне, елге оралатын сәт те келіп жетті.
Ауыр дертті жеңіп шыққан қайсар баланы туған-туыс, жақын-жуықтары қуанышпен күтіп алды. Айлар бойы Кореяда немересінің қасында болған Заңғардың ата-әжесі артта қалған қиындықтарға әлі де сене алмай отыр.
«3 жылдан бері қарай бір үміт, бір күдікпен өмір сүрген өте қиын екен. Баламның ауруын жеңіп, осы күнге жеткенімізге шүкіршілік айтамын. Өте көп қиын ауыр кезден өттік. Заңғарым халықтың баласы болды. Бүкіл халық біріксе күш екен, біз оны мойындадық», – деді Заңғардың әжесі Гүлмира Оразханов.а
Бүлдіршінге шетел ауруханасында 2 күрделі ота жасалды. Бірінші операция кезінде Заңғарға өзінің туған қарындасы донор болған. Алғашқы трансплантация ойдағыдай өткенімен, көп ұзамай Заңғардың рак жасушалары қайта оянып алған. Алайда әкесінен алынған жасушалар сәйкес келіп, шешуші ота сәтті өтіпті.
«Бірінші кішкентай қызым болды. Ол қызымның жасушыларына қарағанда баламның жасушылары сәл басымды болып, кейіннен өзінің жасушалары көтеріліп алғаннан кейін екінші рет жасалған уақытта менің өзімнен алып жасады», – деді Заңғардың әкесі Мәулен Қоспанов.
Заңғардың еміне шамамен 500 мың доллардай қаражат жұмсалды. Қолда бардың бәрін сатқан туыстары елден бірнеше рет көмек сұраған еді. Жомарт жандардың арқасында қажетті сома жиналды. Баласының өмірін сақтап қалу үшін ат салысқан әрбір қазақстандыққа ата-ана шын жүректен алғыс айтады.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы