Келер аптадан бастап барлық қоғамдық көлік тізгіншілерінің жұмысқа жарамдылығы тексеріледі. Қаладағы 2,5 мың жүргізуші осы айдың соңына дейін тест тапсырып, халықпен жұмыс істей алатынын дәлелдеуі тиіс. Ең әуелі, жүргізушілердің жол ережесін қаншалықты жетік білетіні қадағаланады. Кейін, психологиялық сауалдарға жауап береді. Мұның барлығына 50 минут уақыт беріледі.
«Жол-қозғалыс ережесін бәрі білуі керек. Екіншіден, жол-қозғалыс қауіпсіздігіне, жолаушыларды тасымалдау, ұйымдастыру тұрғысынан алғанда жүргізушілердің психологиялық мінезіне мән беріледі. Олар қазіргі жағдайда, үлкен қаладағы қозғалыста өзін-өзі стресстік жағдайдан алып шыға ала ма, сабыр сақтай біле ме, сол жағына назар аударылып, бейімдеу сатыларынан өтеді. Жүргізушілер дәрігер келгенге дейін жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсету шараларын білуі тиіс, оған да көңіл бөлеміз», – деді Алматы қаласы Көлік мамандарының біліктілік орталығы оқытушысы Бауыржан ЖАМАНБАЕВ.
Аттестация қорытындысын орталық мамандары автопарк иелеріне жібереді. Сынақтан сүрінбеген жүргізушілерге арнайы сертификат тапсырылады. Ал қарым-қабілеті жетпегендер жұмыстан қуылмайды, даярлық курсынан өтеді. Өйткені, қазір қалада 700-ге тарта қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы екен. Сондықтан, тізгіншілерді қайта даярлау үшін 40 сағат көлемінде оқыту көзделіп отыр. Оқу ақысы тасымалдаушы компания мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасы есебінен төленеді.
«Бұл жерге келіп көптеген нәрселерді үйреніп жатырмыз. Жол жүру ережесі бойынша өзгерістер көп екен. Психология сабақтарын өтіп жатырмыз. Жолаушылармен қалай жұмыс істеу керек екенін, адамдармен қалай жұмыс істеп сөйлеу керек екенін үйренудеміз», – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Нариман НҰРТАЙ.
Жүргізушілерді осылай оқыту арқылы тәртіпке шақырмаса, жол ережесін өрескел бұзып, қала ортасында бәйге ұйымдастырушылардың саны көбейіп кеткен. Соңғы 9 айдың өзінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің кесірінен Алматыда 186 жол апаты орын алып, 3 адам қайтыс болған. 242 жолаушы жарақаттаныпты. Бұл сан былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Жүргізушілердің жолаушыға таласып, бәйгедегідей жарысуына кей автопарктердің жалақы мәселесін әлі реттемегені де себеп болып отыр. Бұдан былай автобус тізгініндегілерге бірыңғай жалақы төленеді: 180 мыңнан бастап 250 мың теңге аралығында айлық алады.
«Бізге қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаты көп. Неге? Өйткені, жүргізушілерде жоспар болғандықтан, жолда «бәйгеге» түседі. Біздің мақсатымыз оларға орындалған жоспарға емес, жүрген шақырымына қарап ақы төлеу», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.
Айлыққа сай, сапа да жоғарылауға тиіс. Жүргізушілер жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартып қана қоймай, күнделікті жұмысқа киетін киімін де түбегейлі өзгертеді. Бұдан былай қаладағы барлық қоғамдық көлік жүргізушілері бірыңғай көкшіл түсті форма киеді. Оларға шетелдің тәжірибесі негізінде 4 мезгілге сай комплект беріледі. Мәселен, жүргізушілер қыста жылы күртеше кисе, жазда оларға футболка мен кепка жарасымды. Қыржымдалмайтын матадан тігілген костюм киюге төзімді. Бастысы, қозғалысқа кедергі келтірмейді екен. Бір жүргізушінің киім жиынтығы 40 мың теңге тұрады.
«Қазіргі жүргізушілердің формасының сапасы аздап төмен. Олар өздері де кигісі келмейді. Сұрасаң, ыңғайсыз дейді. Жүргізушілер көбінесе осындай жилетканы жақсы көреді. Өйткені, ол жылы болады, қозғалысқа ыңғайлы. Оны көктемде де, күзде де тез киіп далаға шыға алады. Сонымен қатар, автобустың ішінде отыра алады. Маталары өте ыңғайлы, синтетика емес, 100 пайыз мақтадан», – деді Алматы қаласы Көлік мамандарының біліктілік орталығы менеджері Раушан СЕРІКЖАН.
Сондай-ақ, жүргізушілерге санитарлық жағдай да жасалмақ. Бұған дейін «соңғы аялдамаларда дәретхана таппаймыз» деп шағым айтқандардың талап-тілегі ескерілетін болды.
«Соңғы аялдамалардың жанындағы кафе, мейрамханалармен келісімшарт жасаңыздар. Жүргізуші қажеттілігін өтеу үшін олардан рұқсат сұрап әлек болмай, келісім негізінде ғимаратқа еркін кіріп-шығып тұрсын. Тамағын да сол орыннан ішсе болады. Бұл жұмысты Кәсіпкерлікті дамыту басқармасы қолға алуы тиіс», – деді Ерлан ӘУКЕНОВ.
Енді жолаушылар үшін жасалатын жағдайға тоқталсақ... Биыл Алматыда әбден ескіріп, тозығы жеткен автобустардың қатары сирейді. Қазір қалада жолаушыларды тасымалдауға күн сайын 1560 қоғамдық көлік жолға шықса, оның 479-ы былтыр жаңарған. Ал биыл бас-аяғы, 719 автобусты заманауи үлгідегі жайлысына алмастыру көзделіп отыр. Сөйтіп, жыл соңына дейін мегаполистің автобус паркі 86 пайызға жаңарады. Бұл әлбетте, көліктердің жүру жиілігін жылдамдатып, жолаушылардың уақыттарын үнемдеуге сеп. Айта кетсек, қоғамдық көліктерді ауыстыру үшін кей тасымалдаушыларға қала бюджетінен арнайы субсидия да берілген болатын. Бірақ сол қаржыны уақтылы жұмсап, белгіленген мерзімге дейін жаңа автобус алмағандарды енді ешкім есіркемейді. Келісімшарт үзіліп, маршруттары нарықта жұмыс істей алатын өзге өзге компанияға беріледі.
«Біз биыл тағы 200 автобус сатып алдық. Олардың 30-ы шағын, қалған 170-і орташа және үлкен автобус. Яғни, 9, 12 және 18 метрлік автобустар. Біз 18 мертлік автобустарды жаңа BRT желісімен жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді «АлматыЭлектроТранс» ЖШС директоры Ризван ЦИНАЕВ.
Жылжымалы құрамның барлығында бейнебақылау камералары қалтқысыз жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, қоғамдық көліктерде ұрлық көбейіп кеткен. Әсіресе, үнемі адам лық тола жүретін №34, №65, №38 және №32 бағыттағы автобустарда жолаушылардың заттары көп жоғалады екен. Полицейлердің дерегінше, жыл басынан бері бұл маршруттардың әрқайсында 100-ге тарта ұрлық дерегі тіркеліпті. Енді тұрғындарды сұғанақтардан сақтау үшін, олардың түр-әлпеті ашық жарияланады. Қазір бостандықта жүрген ұрылардың суреті қоғамдық көліктерге қыстырылмақ.
«Жыл басынан бастап 350 ұрлықшы ұсталды. Олар 411 қылмыс жасаған. Қазіргі уақытта бостандықта жүрген ұрлықшылардың суреттері енді әрбір қоғамдық көліктерде көрсетілетін болады. Бұл біріншіден, ұрлықтың алдын-алу шаралары болып табылады. Аталған ұрлықтардың алдын алу мақсатында бүкіл Алматының қоғамдық көліктерінде бейнекамералар орнатылады», – деді Алматы қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Төрехан ИСИН.
Ал камера орнатудан бас тартқан автопарк иелері керісінше, өздері жаза арқалайды. Полицейлердің мұндай қадамға бармасқа амалы қалмай отыр. Себебі, қоғамдық көліктерде бейнакамераның жоқтығынан, қылмысты ашу оңай болмай тұр. Айта кетсек, автобус ұрылары көбінесе, жолаушылардың ұялы телефоны мен әмиянын қолды қылады екен. «Қылмыс жасаушылардың көбі жұмыссыз жастар мен бұрын сотты болғандар» дейді тәртіп сақшылары. Сұғанақтардың қатарында тіпті, ағайынды үш қыз да бар көрінеді. Бірі жолаушыларды сөзге айналдырғанда, екіншісі адамдарды итеріп, қысатын көрінеді. Осы оңтайлы сәтте үшінші қыз жолаушылардың құнды затын қолды қылады. Бұл қыздардың есімдері полицияға белгілі. Дегенмен, құзырлы орган өкілдері жолаушыға қашанда сақ болу керек екенін ескертеді.
Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы