Мемлекеттік қызметкерлердің жұбайына да шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салынуы мүмкін

Фото: palata.kz
Фото: palata.kz
Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайына шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін жыл сайын өтетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет конференциясында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, бұл бастама Парламент Мәжілісінде мақұлданған, енді Сенатта қаралып жатыр. Бұдан бөлек ауыр түрдегі жемқорлық қылмыстарын жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды тоқтату және құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің парақорлық әрекетіне қатысты санкцияларды күшейту жоспарланған.

«Бір жылдан бері ұжымда алдын алу жұмыстарын жеткіліксіз жүргізгені үшін басшылардың жауапкершілігі мен отставкасы іске асырылуда. Қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық әрекеттері үшін 6 саяси қызметші отставкаға жіберіліп, 4 саяси және 34 әкімшілік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Онлайн форматта өткен жиынға мемлекеттік қызметкерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен әр елдің дипломаттары қатысты. Сондай-ақ, Германия, Ұлы Британия, Корея, Ресей, АҚШ сияқты бірқатар мемлекеттердің сарапшылары жемқорлыққа қатысты бастамалардың тиімділігін бағалап, ашықтықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алуға әсіресе азаматтық қоғамды көптеп жұмылдыру ұсынылды.

«Жемқорлықпен күрес туралы арнайы конвенция бар. Соның 3-бабында бұл конвенцияға қол қойған мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күресетін әрекеттері жазылған стратегиялық құжат қабылдауы керек. Қазақстан бұл ретте сол талаптарды өз деңгейінен де жоғары ұстанған деп айтуға болады», – деді Қазақстандағы БҰҰ Есірткі қылмыстарына қарсы басқармасының кеңсе басшысы  Навид Риаз (Ұлыбритания).

Новости партнеров