Қазіргі таңда мұндағы 61 көше орталық су құбырына қосылмаған екен. Бүгін аудан әкімінің қатысуымен өткен бесінші кездесуде алға қойған міндеттер пысықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде 20 көшеге жартылай жөндеу жұмыстары жасалған. «Жаңа Алматы» жобасын іске асыру аясында бақтар мен саябақтарды көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, 4 гүлзар мен 2 жаяу жүргінші жолы абаттандырылыпты.
Қысқаша баяндамадан кейін, аудан әкімі бірден сұрақ қабылдауға кірісті. Әдеттегідей, тұрғындар жаяу жүргіншілер жолына, қоғамдық көліктер қозғалысына, аялдамаларға қатысты сауалдарын жаудырды. Одан бөлек, бұқаралық спортты дамыту үшін мектептерде ашылған «Қазақ күресі» ақысыз секциялары 300 баланы қамтығанымен, ауданда басқа бірде-бір спорт кешені жоқ екен.
«Ауданда бірде бір спорт кешені жоқ. Тек жекеменшік фитнес клубтар ғана бар. Алматы әкімі тапсырмасымен біз «Кемел» шағынауданында босаған 3 га жерді қарастырып жатырмыз, алдағы 2 аптада біз сол жерге үлкен спорт кешенін тұрғызуға жоба-сметалық құжаттамаларын сұрадық», - деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Кездесуге қатысқандардың көпшілігі өз сұрақтарына мардымды жауап алғанын айтты. Жалпы Жетісу ауданы барлық 8 аудан ішінде өндіріс пен бөлшек тауар көлемі бойынша бірінші орында келеді.
«Палладинада тұрады, кезінде жаулап алынған жерлер. Қазір құжаттарын жасатып жатыр. Өткенде бір кісілер 15 мың төлеу керек деп айтқан, сол заңды ма?», - деді бір тұрғын.
«Жер комиссиясына тапсырылған. Осы екі айдың ішінде шешіледі. 15 мың комиссия ғой!? Координация төлеу үшін иә, міндетті. Одан артық ақша төлеу керек емес», - деді Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Аудан көшелері мен жолдарында апаттардың алдын алу жұмыстары күшейтіліп, былтырғы жылы қосымша 46 жерде «Сергек» бақылау құралдары орнатылған болатын. Осылайша, аудадағы қылмыс деңгейі 46 пайызға төмендеді. Одан бөлек, №13 бағыт бойынша 220 ескі автобус жаңасына ауыстырылды. Десе де, қоғамдық көлік жүрісінде әлі де олқылықтар бар көрінеді.
«80 маршрут туралы унемі айтып келем. Райымбек Байзақова, Байзақова Мақатаев көшесінде автобус белгілері тұр, бірақ ол жерде тоқтамайды. Не себепті тоқтамайды?», - деді бір тұрғын.
«Мен қазір жазып алдым. Нақты жауабын беремін. Содан кейін шара қолданып, тоқтамайтын автобустарға қатысты. Сізге жауабын береміз», - деп жауап берді оған әкім.
Қойған сауалдарына жауап алып үлгермеген тұрғындар жиыннан кейін аудан әкімінің жеке қабылдауына жазылды. Ал кей мәселелер бойынша шенділер халықпен бірге барып, туындаған түйткілмен жеке танысты.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы.