Плагиат жасаймын деп басы пәлеге қалды. Қарағандылық суретшінің «Қарағанды жаны» деп аталатын картинасын жергілікті кәсіпкердің бірі көшіріп, заңсыз сатып жіберіпті. Алайда оны салған Марьяна Макеева авторлық құқығын қорғау үшін сотқа шағымданып, нәтижеде жеңіп шығады. Келеңсіз жайды ол кездейсоқ біліп, бірден шара қолдануға бел буған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қарағанды жаны» деп аталатын бұл суретті Марьяна Макеева 5 жыл бұрын салған. Ал жуырда ол дәл осы авторлық туындысының көшірмесін белгісіз біреулердің 5 мың теңгеге сатқанын естіп, таңғалғаныны айтады.
«Картинаның көшірмесі өткен жылдың 8 наурызы күні Астана қаласында сатылыпты. Сатып алушы инстаграмм желісі арқылы қуанышымен бөлісіп, автор ретінде мені белгілеген. Көргенде таң қалдым. Бірден оған хабарласып, қай жерден және қаншаға сатып алғанын білдім», - деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марьяна МАКЕЕВА.
Кейін белгілі болғандай, суретті жергілікті кәсіпкердің бірі Ерік Ысқақов көшіріп басқан. Оның бұл кәсіппен айналысқанына бірнеше жыл болыпты. Алайда қарағандылық суретшілердің еңбегін саудалап келген азамат, тек бірнеше автормен ғана келісім-шарт жасаған.
«Картинаның басым көпшілігін ғаламтордан көшіріп басамын. Ал кейбірін қылқалам шеберлерінің өзінен аламын. Суретшілер одағы мені қолдап отыр. Менің қателігім, заң тұрғысынан біраз автормен келісім-шарт жасамадым. Оны мойындаймын», - дейді кәсіпкер ЕРІК ЫСҚАҚОВ.
Кәсіпкер өзін кінәлі санамайды. Керісінше суретшілердің еңбегін жарнамалап жүрмін дейді. Бұл бизнесте тіпті, шығынға баттым деп шағымданып отыр. Алайда, Марьяна Макеева ол еңбекті ұрлау заңсыз деп есептейді, сол үшін сотқа берген.
«Егер картина сәтті шықса, ол халық тарапынан қашан да лайықты бағасын алады. Мені қынжылтатыны, өнерге еш қатысы жоқ адамдардың еңбегімізді жасырын саудалағаны. Авторға деген құрмет болуы керек қой», - деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Марьяна МАКЕЕВА.
Кәсіпкердің қатысуынсыз өткен сот отырысында суретшінің арызы қанағаттандырылып, «Қарағанды жаны» картинасының заңсыз сатылғаны расталды. Енді сот шешіміне сәйкес, кәсіпкер суретшіге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық шығын төлейді. Алайда екі тарап та бұл үкіммен келіспей отыр. Сондықтан олар қайта арызданбақшы.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы