Сүрілген үйдің орнында қазір су жиналатын қойма салынған
Орнына ауылдың басқа жағынан жер беріпті. Бірақ содан бері бір жарым жыл өтсе де Қырбалтабай ауылының тұрғыны құжаттарын рәсімдей алмай жүр. Әкімдіктегілер үйсіз-күйсіз кейуананың құжаттарын содан бері әлі туралап бере алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
2018 жылы Раушан Түстікбаева тұрып жатқан үйдің аумағына Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі су жиналатын орын салмаққа шешім қабылдапты. Зейнеткерге Қырбалтабай ауылының шетінен басқа жер ұсынған. Тіпті іргетасын көтеруге көмектесеміз деген. Алайда содан бері үй салмақ түгілі жердің құжаттарын заңдастыра алмай жүр екен.
«Менің Екіпінді ауылындағы 10 соттық жерімді аудан әкімшілігінің қажетіне керек деп алып қойды да, бір жарым жылдан асып кетті сол жердің құжаттарымен әлі жүрмін. Ешқандай құжаттарым дайын емес. ХҚКО-ға қанша рет құжат өткіздік. Қырбалтабай әкімшілігі «сол жеріңізге сай жер береміз» деген. Жерді көрсетті. Бірақ ол жердің құжаттары ХҚКО-дан тіркеуден өтпейді», – деді Раушан ТҮСТІКБАЕВА.
Сүрілген үйдің орнында қазір су жиналатын қойма салынған. Осында Раушан Түстікбаева бала кезінен тұрыпты. Әйтеуір уәдені үйіп-төгіп үйімді босатып бергенше асық болды дейді. Ал бұл мәселені ауыл атқамінерлері тезірек шешіп береміз деп отыр. Тек ауыл әкімі еңбек демалысында екен.
«Екпіндідегі 20*20 өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жер учаскесі алынып қойылды. Ол бізге дейінгі мамандармен істелінген жұмыс. Дәл сондай жер Қырбалтабай ауылынан әкімдік арқылы беріліп отыр. Құжаттары рәсімделуде. Тек мемлекеттік тіркеуі ғана қалып тұр», – деді Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылдық округінің бас маманы Серік ӘБУХАНОВ.
Алайда бұл жер учаскесінің құжаттары әлі шикі сияқты. Сот шешімі шықпаған. Учаске құжаттары әркімнің үйін жағалап жүрген Раушан Түстікбаеваның атына заңды аударылғанша әлі қанша уақыт өтетіні белгісіз.
Қуан Нұрақын, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы