Елімізде IX Азаматтық форумы өз жұмысын бастады. Министрлердің үкіметтік емес сектор өкілдерімен кездесуі өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы форум барысында мемлекет пен азаматтық қоғамның денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өзара іс-қимылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті ұсынымдар мен бірлескен іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу сынды мәселелер талқыланады. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысушыларды құттықтап, форум өзін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қою үшін беделді, өкілді және ең бастысы пайдалы алаң ретінде танытқанын атап өтті.
«Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, әлеуметтік саясат мұның бәрі осыдан 30 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазығын қаққан тәуелсіз еліміздің егемендігі туралы декларациясында қаттап, халқымыздың саналы түрде таңдап алған дара жолы, қайталанбас құндылықтары... Осы уақыт аралығында үкіметтік емес ұйымдар деген ұғым қалыптасып қана қоймай, қоғамның қуатты күшіне айналды», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 20 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның 5 мыңнан астамы жұмысын белсенді жүргізеді. Ал, аталған форум аясында министрлік басшыларының үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен 12 салалық онлайн-кездесу өткізу жоспарланып отыр. Форум 26 қарашаға дейін жалғасады. Биылғы жылы іс-шара онлайн режимінде ұйымдастырылды.