|
31.01.2020 | 21:50
2369

Алматыда заңсыз ағаш кескендер анықталды

Оларға 30 АЕК айыппұл салынуы мүмкін

Алматыда заңсыз ағаш кескендер анықталды

Қарасай батыр мен Нұрмақов көшелерінің қиылысында әлдебіреулер 15-ке жуық  қара ағашты кесіп тастаған. Оқиға орнына қаланың бірқатар жауапты мамандары келіп, ағаш кесушілердің әрекеті заңсыз екенін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Заңсыз кесілген. Ешқандай рұқсат қағаздары жоқ. Олар бұл жерге бизнес орталығын салмақ», - деді қалалық Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Ауласындағы ағаштарды кесіп жатқанын тұрғындар кешке жақын байқаған. Бірнеше мәрте түсіндіруді талап еткенімен ағаш кесушілер оларға еш құлақ аспаған соң, құзырлы орган өкілдерін шақырыпты.  

"Алақандай жер. Анық біреу сатып алды. Бұл жерден бәрнәрсе салу керек. Халық үшін ешнәрсе жасалып жатқан жоқ. Халықтан неғұрлым алып жатыр. Біздің балалар ойнайтын алаң қалған жоқ", - деді шағымданушы тұрғындар.

Көп күттірмей жердің иесі де келді. Айтуынша, ағашты кесуге арнайы рұқсат алу керектігін білмеген. Қандай шара қолданылса да, мойнымен көтеруге дайын екенін жеткізді.

Экология жанашырлары қала тұрғындарына аула маңында болып жатқан заңсыздықтарға бей-жай қарамауға шақырады.

«Барлық қала тұрғындарын табиғат жанашыры болуға шақырамын. Аулада мынандай заңсыздық болып жатқанда үйде теледидар көріп отырғанша далада болып жатқан жағдайларға да назар аударыңыздар. Мұның кесірінен ертең балаларымыз зардабын тартады. Аулада ойнайтын жерлері жоқ», - деді «Табиғат» экологиялық одағы төрағасының орынбасары Тимур ЕЛЕУСІЗОВ.

Заңсыз ағаш кескендердің әрекетіне заң бойынша шара қолданылады. Оларға кескен 15 ағаштың орнына 1500 көшет отырғызуға немесе 30 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынуы мүмкін.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир