Жалпы соңғы үш күнде жедел желіге 20 мыңнан аса қоңырау келіп түскен
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын кезеңде халықты барынша қолдап жатыр. Әлеуметтік осал топтарға коммуналдық қызметті төлеуге 15 мың теңге беріледі. Алматыда бұл көмекті 2 мыңнан аса адам алып үлгерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы соңғы үш күнде жедел желіге 20 мыңнан аса қоңырау келіп түскен. Мамандар 4 мыңнан аса арызды қарастырды. Ал қалғандары белгіленген категорияға келмейтіндіктен, өтініші кері қайтарылған. Қазір бірыңғай колл-орталықта 40 оператор жұмыс істейді. Болашақта оны 70-ке жеткізу ойда бар. Жуық арада тағы екінші телефон қосылуы мүмкін.
«Иә, желіге хабарласып, ала алмай жатқандардың жағдайын жақсы түсінемін. Дегенмен бізге белгіленген категорияға кірмейтін азаматтар да хабарласады. Оларға түсіндіруге тура келеді. Әрине, бұл біздің біраз уақытымызды алады. Түскен қоңыраудың 40 пайызы негізсіз арыз айтатындардан түседі. Қанша айтып жатсақ та, дұрыс түсінбейтіндер қатары көп. Сондықтан желі босамай жатады», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.
Мамандар көмектің бұл түрі тек әлеуметтік осал топтарға ғана берілетінін ескертеді. Оның қатарында, 1-2 және 3-топтағы мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар алады. Сондай-ақ, көп балалы отбасылар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар.