Бірнеше рет өртеніп, түн ұйқымызды бөлді. Ашық жатқан сымдар газ құбырына тиіп тұр. Наурызбай ауданының тұрғындары иесіз трансформатордың машақатын 10 жылдан астам уақыттан бері көріп келеді. Арнамызға хабарласқан көрермен осылай назын айтты. Сөзінше, үйіне жақын орналасқан тоқ құрылғысының иесі кім екенін біле алмай келеді. Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек мәселенің мән-жайын түсіндіреді.
Әбдумәлік Кенжаев Наурызбай ауданында 2003 жылдан бері тұрып келеді. Айтуынша, қабырғаға тым жақын орналасқан трансформатор бірнеше мәрте өртенген. Соңғы рет 3 ай бұрын отқа ораныпты. Содан кейін жаңасына ауыстырылған. Бірақ жаңаланғанымен, проблема сол күйі қалыпты.
Тұрғындардың сөзінше, бұл трансформатор оларға талай қиындық туғызып келеді. Әсіресе, іргесіндегі үйдің иесі машақатын көп көремін дейді. Жекеменшік жеріне кіріп тұрғаны аздай бұл өте қауіпті. Өйткені бағанадан түскен тоқ еш қоршалмаған. Алда-жалда газ құбыры жарылатын болса, маңайдағы бірнеше үй өртеніп кетуі мүмкін, дейді Әбдумәлік Кенжаев.
Тұрғындар трансформатордың кімге тиесілі екенін білмейді. Істен шықса, белгісіз біреулер келіп жөндейтін көрінеді. Бірақ қай мекемеден екендері туралы тіс жармаған. Енді осындағы азаматтар бұл иесіз құрылғыны мүлдем алып тастаса дейді.
«Біздің үйімізде кішкентай мектеп оқушылар бар. Көршіміз де бар. Сол үшін кішкене сақтану мақсатында ауыстырса деген өтініш бар. Кернеу көбейген кезде қорғаныш болу керек. Ішінде автомат, жанбау керек», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Әбдумәлік Кенжаев.
Аты шулы транформатор мәселесі Алматы арнасындағы Akimat Live бағдарламасында да көтерілді. 24 қарашада Наурызбай ауданы әкімі Санжар Тоғай қатысқан шығарылымда бұл құрылғы қала балансына өткені белгілі болды. Енді жақында нақты шешім қабылданатыны айтылған еді.
«Бұл трансформатор туралы білемін. Меншік иесі ұзақ бергісі келмеді. Өйткені жақсы табыс әкелетін бизнес қой. Бірақ біз келісім жасастық. Енді трансформатор "Алатау Жарық Компаниясы" АҚ-қа өтеді. Желтоқсан айында мәселе толығымен шешілетін болады», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай.
Бүгінде қалада Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша осындай иесіз инженерлік желілер қала балансына ауыстырылып жатыр.
«Тұрғындарымыз қазіргі уақытта инженерлік желі иесіз болғандықтан, өзінің ақшаларына, қаражаттарына оларды жаңарту және басқа да жұмыстарды жүргізуге осындай ауыршылық болмау үшін жұмыстар жүргізілуде», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бас маманы Асыл Мұқанәлі.
Айта кетейік, жыл басынан бері 450 иесіз инженерлік желілер анықталған екен. Оның 146-сы транформатор, 254 шақырымға жуық электр, 20 шақырымға тарта жылу желісі, 66 шақырымдай су құбыры және 24 шақырымнан астам кәріз желісі. Бұл нысандар қаланың коммуналдық меншігіне өткен. Қазіргі кезде қабылдау-тапсыру актілерін дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Өмір Әнуарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы