|
09.07.2020 | 21:58
3390

Еділ Ерғожин, Кеңес Дүйсекеев: Қазақ елі екі бірдей талантты тұлғасынан айырылды

Бірі – артына мол шығармашылық мұра қалдырса, енді бірі – химия саласында біраз жаңалық ашқан ғалым

Еділ Ерғожин, Кеңес Дүйсекеев: Қазақ елі екі бірдей талантты тұлғасынан айырылды

Бүгін Қазақ елі екі бірдей талантты тұлғасынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев пен Ұлттық Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы Еділ Ерғожин өмірден озды. Бірі – артына мол шығармашылық мұра қалдырса, енді бірі – химия саласында біраз жаңалық ашқан ғалым. Мұрқұмның шәкірттері мен замандастары өз саласында ерен еңбек еткен қайраткерлер қайталанбас тұлға екенін айтады.

Тыңдарман жүрегінен өшпес орын алған Кеңес Дүйсекеев 200-ден астам әннің авторы. Көзі тірісінде бірнеше жерде басшылық қызметтер атқарған композитор «Парасат» «Құрмет» орденінің иегері. «Сәлем саған туған ел», «Өмір, Өмір», «Іңкәр жүрек» сынды танымал әндердің тізімі дәл осылай жалғасып кете береді. Халық ықыласына бөленіп, өміршең әндерді жарыққа шығарған танымал композитор 74 жасында келместің кемесіне мінді. Көзі тірісінде әр сұхбатында соқпағы мен сүрлеуі мол өнер жолына көлденең келген көк аттыға орын жоқ деп әр кез айтып отыратын.

«Сағыныш сазы» бағдарламасынан үзінді:

– Бұл өнердің қиын қыстаулары көп екен. Басында тыңдаушы  халық – қазақ халқы өнерде жүргендердің бәрі май шелпектің ішінде жүреді деп ойлайтын шығар. Өмірде оңай дүние жоқ. Бәрі де қара термен еңбекпен келетін дүние ғой.

Қазақ музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген атақты композитордың шығармалары, әндері мен әуендері туған халқының жадында, жұртының жүрегінде мәңгі сақталатыны ақиқат.

«Бұл қайғы – қазақ елінің, қазақ өнерінің қайғысы деп білемін. Кеңес ағамыздың отбасына, өнердегі іні-қарындастарына қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың бет-бейнесі, өнердегі әндері, жырлары, ұлағатты дүниелері мәңгі жадымызда қалады. Ағамыздың әндерімен қаншама буын сусындап өсті», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Медеу Арынбаев.

Ал, Еділ Ерғожин ең алғаш ластанған теңіз суынан таза ауыз суын алу технологиясын ойлап тауып, оны өндіріске енгізген академик-ғалым. Кеңес заманынан қалған ядролық зымырандарды зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Ол көпшіліктің көз алдында ғылыми мектеп қалыптастырған, жас ғалымдарға ілім үйретуден жалықпаған ғұлама ұстаз бейнесінде қалды. Бірге қызметтес болған замандастары 90-жылдарда ғылымға қаржы бөлдіріп, іргелі білімді «өлімнен» аман алып қалған біргей тұлға деп еске алды.


«Еділ ағамызды жас кезімізден білеміз. Қазақстандағы белді химиктердің бірі. Мембрана техникасының Қазақстандағы негізін салған деуге болады. Адамгершілігі мол, парасатты адам деп ойлаймын. Еділ ағаның маған бір жақсылығы есіме түсіп отыр. Мен қатты ауырып жатқанда маған келіп жүрек пышақ тигізетін жер емес. Сен жалақысы аз, ғылыми қызметкер екеніңді білемін, саған ақша тауып берейін, Германияға барып ота жасатып кел деген еді. Ол кісінің пейіліне риза болдым», – деді химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Бәйешұлы.

Ол әр жылдары молекулалық химия мен ион алмасу саласындағы халықаралық симпозиумдарда ғылыми баяндамалар жасады. Химия технологиясы бағытында бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша халықаралық келіссөздерге қатысқан ғалым 79 жасына қараған шағында өмірден озды. Тек Қазақ еліне емес, әлемге танылған тұлғаның ерен еңбегі ғылым саласында өшпейтіні анық.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир