Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 10-кезеңі қалай жүріп жатыр

29.04.2020 04:36

Қала билігі COVID-19 инфекциясының жолын кесу үшін кешенді шараларды қолға алған

Almaty.tv

Алматыда дезинфекциялық жұмыстардың 10-кезеңі жүріп жатыр. Қала билігі COVID-19 инфекциясының жолын кесу үшін кешенді шараларды қолға алған. Карантин басталғалы мамандар әр кезең сайын 8 мың 500 үй мен 23 мың кіреберіс және 4 мыңнан астам ауланы залалсыздандырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Індеттің ары қарай өршімеуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр.

Қазір «ZODIAK» тұрғын үй кешенінде тыңғылықты дезинфекциялық жұмыстар жүріп жатыр. Арнайы маманданған қызметкерлер кіре берістен бастап ғимараттың әр жерін назардай тыс қалдырмайды. Одан әрі сыртқа шығып балалар алаңқайы мен жүргіншілер жолын мұқият тазартады.

«10-кезең. 2-күн. Бүгін біздің жоспарымызда 8200 кіреберіс пен 1311 аула бар. Оларды залалсыздандыру үшін 65 бригада, 475 адам жұмылдырылды. Мұндай жұмыстар аптасына екі рет жүзеге асырылады», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Кіреберістерді залалсыздандыру үшін тәулігіне шамамен 70 мың литр арнайы сұйықтық кетеді. Карантин басталғалы бері осындай сұйықтықтық 2 миллион литрдан астамы жұмсалыпты.

«Олардың аталуы әртүрлі. Алайда қолданылу мақсаты мен құрамы бір. Барлығының «Қазақстанда пайдалануға болады» деген рұқсаты мен арнайы сертификаты бар. Сондай-ақ, түрлі тексерулерден уақытылы өтіп тұрады», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ.  

Тұрғын үй кешенін залалсыздандыруға тұрғындардың өздері де ат салысып жатыр. Олар қажет емес заттарды, қоқыстарды сыртқа шығарып мамандарға қолғабыс етеді.  

«Залалсыздандыру жұмыстарының алдында біз барлық ақпараттық тақталарға хабарлама ілеміз. Сондай-ақ, тұрғындардың ортақ чатына да жазамыз. Алатын, жылжытатын заттар болса бірлесе, ақылдаса отырып шешеміз», – деді «ZODIAK» тұрғын үй кешенінің әкімшісі Татьяна ПЕТРОВА.

Көшелерді дезинфекциялау жұмыстарында қазір әскерилер қызмет етіп жатыр. Үлкен аумақты қамту үшін оларға арнайы техника бөлінген. Жалпы залалсыздандыру жұмыстарында осы күнге дейін мыңға жуық қорғаныс министрлігінің мамандары жұмыс істепті.  

Қуан Нұрақын, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы