Ми батпақ жолдан мезі болған елордалық тұрғындар асфальт жолға жарымай отыр

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Қыста қалың қардан, ал көктем-күзде шұрық-тесік жолдағы иленген саз балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан қаласындағы Талапкер көшесінің тұрғындары түзу асфальт төселген жолға жарымай отыр. Айтуынша, үйден аялдамаға жетудің өзі бір қиямет қайым. Қыста қалың қардан, ал көктем-күзде шұрық-тесік жолдағы иленген саз балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Мәселенің мән-жайын елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек анықтап көрді.  

Талапкер көшесі тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Елордада жай ғана асфальт төсеп беру сияқты мәселенің шешілмей келгеніне ашулы. Сол себепті көктем мен күздің жаңбырлы күнінде аяғына салафан орап жүруге мәжбүрміз дейді. Міне, дәл осылай Талапкер көшесінің тұрғыны Асхат Құрманәлиев үйден шыққандағы әдеттегі әрекетіне кірісті.

«Көшенің бәрі су, балшық. Қатты жаңбыр жауған кезде салафанмен шығамыз. Мектепке апарамыз. Көшеге дейін шығарып саламыз салафанмен. Сосын қайтып салафанмен үйге алып келеміз», – деді тұрғын Асхат құрманәлиев.

Тұрғындардың сөзінше, олар көкейіндегі мәселені айтып, 2010 жылы сол кездегі әкім Иманғали Тасмағамбетовтың атына хат жазған. Сол жылы қаржыландыру болып, асфальт төселеді деген жауап келген. Алайда түйткіл шешілмек түгілі, аталған көше жөндеу жоспарына да енгізілмепті.

«Былтыр біз iKomek-ке жүгіндік. Олар бізді 2020 жылдың жол картасына енгіземіз деп сендірді. Биыл әкімдікке барсақ, «сіздер жоспарда жоқсыздар» дегенді айтады. Демек, iKomek жүйесі жұмыс істемейді. Бізге тек асфальт төсеп беріңіздерші. Осында 22 жыл тұрамын. Өзімнің балғындарым бар, олар да осы шұрық-тесік жолдағы саз-балшыққа батып, үнемі үйден құрғақ күйінде шығып, су-су болып қайтады. Содан жиі ауыратын болып жүр», – деді тұрғын Кристина Вдовина.

Тұрғындар айналасындағы барлық көшеге жөндеу жүргізілгенін, тіпті екі-үш үй бар тар көшелерге асфальт төселгенін айтады. Өздерін неге үнемі айналып кететінін түсінбей дал. Ал әкімдікте бұл мәселеге келесідей жауап қайтарды.  

«2018 жылдан бастап басқармамен асфальттау басталды. Кестеге сәйкес 50-ге жуык көшені жөндедік.  Аталған телім 2021 жылға жоспарланған», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Ерғанат Бексұлтанов.

Алайда тұрғындар шенеуніктердің бұл сөзіне сенбейтінін жеткізді. «Келесі жылы» деп тойдырып келгеніне, міне, осымен 10 жылдың жүзі болғанын айтады. Сондықтан жергілікті билік сәл болсын өздеріне бет бұрып, түйткілге назар аударғанын сұрап отыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтан

Новости партнеров