«Сүлейменшілердің» жақтастары күйе жағып, жеке басқа шүйлігуін тоқтатар емес». Құзырында 90-нан астам пансионаты бар қайырымдылық қорын ашық зерттеген журналист бұрын-соңды айтылмаған деректерді жайып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, «жасырын әрекеті көп ұйым мүшелері» ашық түрде қорқытып, кибершабуылдар ұйымдастырған. Жыл басында құзырлы органдар Алматыдағы пансионатқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғағалы, қоғамда дәл осы «сүлейменшілер» жамағаты туралы жиі айтыла бастады.
– Мені қорқытып-үркітіп, аудиохабарлама жіберген екен. Бірақ өшіріп үлгерген, екі ортада дос балам маған жолдап отырды. Одан кейін де, басқа бот-аккаунттан жекеге жазатындар күрт көбейіп кетті, – деді журналист Асқарбек Қазанғап.
Журналист Асқарбек Қазанғап «сүлейменшілер» жамағатына қатысты мамырда шыққан бағдарламадан кейін кибершабуыл үдей түскенін айтады. Оның айтуынша, жыл басында басы дауға қалған қайырымдылық қорының сойылын соққандар оны балағаттап, қорқытқан. Тіпті жала жауып, сотқа берген. Енді бүгін әлеуметтік желі арқылы шүйлігуін әлі де жалғастырып келетін көрінеді.
«Айтамыз» ток-шоуының жүргізушісі бағдарламада пансионат тәрбиеленушісінің, дінтанушылар мен мүфтият өкілдерінің басын қосып, қайырымдылық қоры мен «сүлейменшілер» жамағаты туралы ашық талқыланған. Журналистің айтуынша, оған басы дауға қалған мекеменің өкілдері де шақырылған. Алайда олар түсірілім күні келмейтінін хабарлап, пікірталастан бас тартыпты.
– «Жібек Жолының» ақпарат бөлімінің басшысына шыққан кезде, 2-3 күн бұрын бағдарламаның түсірілетінін ескерттім. «Ертең «неге айтпадыңдар, неге хабарласпадыңдар?" деп бағдарламаны жоққа шығарудың қажеті жоқ. Айтарыңыз болса, бағдарламаға келіңіздер, пікіріңізді мамандарға айтыңдар, ақ-қарасын сол жерде ара-жігін ажыратайық» деп телефонмен байланыстым. Алайда олар ток-шоу болатын күні келе алмайтынын айтты. Себебін түсіндіре алмады, – деді журналист Асқарбек Қазанғап
Асқарбектің айтуынша, мекеменің жақтастары пансионат ішіндегі жасырын әрекеттерді жасырмай айтқан тәрбиеленушінің ойын өзгертіп, өзіне қарсы қойған. Сол кісілердің атынан арыз жаздырып, сотқа да шақырыпты. Журналист қолында барлық дәлелдің барын айтады. Сондықтан сес көрсеткеніне қарамастан зерттеуді жалғастыратынын айтты. Айта кететіні, полиция департаменті қайырымдылық қорына қатысты қылмыстық іс қозғағалы ақпарат беттерінде «сүлейменшілер» туралы жазба да көбейген.
– «Сүлейменшілер» сопылық бағытты басшылыққа алады. ҚМДБ-дағы қалыптасқан тәртіпке тура келмейтін жері де бар. Ұстаздардың айтуынша, ол кісілердің мекемесінде жұма намазын өткізуі, фих тәртібіне сәйкес келмейді, – деді дінтанушы Серікхан Ахмадиев.
Құзырлы орган дерегінше, бұл қайырымдылық қорына қарайтын пансионаттар тек Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірінде де бар. Жалпы саны 90-нан асады. Бұған дейін олар мүфтиятпен меморандум жасасу арқылы жұмыс істеген. Соның аясында діни оқуларды басқарма бекіткен имамдар арқылы өткізуге міндеттелген. Алайда ҚМДБ өкілдері хабарлағандай, қайырымдылық мекемесі үй ішінен үй тігіп, келісімді сақтамаған. Заң бұзуылғаны анықталғаннан кейін, меморандумның күші жойылған.
– Қайырымдылық пансионатында діни қызметті жүргізуге заң аясында жол берілмейді. Егер заң бұзып, діни қызметпен айналысатын болса, тиісті түрде жауапкершілік қарастырылады, – деді Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.
Бүгінде балалар пансионатының атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерге қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар кәмелетке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі және басқа да қылмыс жасады деген күдікке алынған. Еске салсақ, бұған дейін құзырлы орган өкілдері тексеру кезінде оқиға орнынан «Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдар табылғанын» хабарлаған еді.
Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Маңғыстау өңірінде төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін