Шарада барлық этнос өкілдері жәрмеңкелер ұйымдастырып, қолдан жасаған бұйымдарын көрсетті
«Жердегі ең жұмақ жер қай жер десе, Қазақстан дер едім». Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Наргизам Дінмұратқызы осылай дейді. Ол елімізде айрандай ұйыған ұлттар мен ұлыстардың қазақ халқына алғысы шексіз екенін айтады. Бүгін елордада 1 наурыз «Алғыс айту» күніне орайы мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шарада барлық этнос өкілдері жәрмеңкелер ұйымдастырып, қолдан жасаған бұйымдарын көрсетті. Сонымен қатар жастар флешмоб билеп, ұйымдастырушылар қайырымдылық амалдарын жасады.
«Бүтіндей жүрегі кең қазақ елі бүкіл 130-дан астам біз сияқты ұлттарды бір шаңырақтың астында тату тәтті өміріміз үшін қазақ халқына мың алғыс айтқым келеді. Жердегі ең жұмақ жер қай жер десе, менің елім Қазақстаным деп айтамын», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Наргизам Дінмұратқызы.
Пандемияға байланысты шара шағын түрде ұйымдасытырылған. Бастысы этностардың ынтымағын, әртүрлі халықтың достығын, қасиетті жеріміздің қонақжайлығын көрсету мақсат болған.
«Бұл күні Қазақстандағы барлық этнос өкілдері осы елдің иесі, жердің киесі қазақ халқына тағзым етеді, мың алғысын айтады. Өйткені қазақ халқы осы жерге тағдыр табыстырған, тарих табыстырған сан ұлттың басын қосып, барлығына ұйтқы болған текті ел. Осындай мерекенің идеясы тұңғыш президент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан шыққан болатын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов.