Зардап шеккен баланың адвокаты күдіктілердің жазадан құтылып кеткеніне қынжылады
Түркістан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Жылға ауылындағы мектеп-интернатта оқушыны зорлады деп айыпталған сотталушыны ақтады, деп хабарлайды жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова.
Прокурор істің анық-қанығына жетіп, тергеу жүргізгенімен, алқа билер сотталушыны ақтап алды деді Омарова Алматыдағы баспасөз мәслихатында.
«Судья алқа билердің шешіміне сүйенді. Екінші зорлықшыға келер болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпегендіктен оған қатысты іс тоқтатылды», - дейді адвокат.
Омарованың сөзіне сүйенсек, Сарыағаш ауданы Жылға ауылындағы көршілес елді мекендердің балалары оқитын мектеп-интернатта оқушы бірнеше рет зорланған.
«Бұл интернатта тұратын оқушылар бір жыл бойы жасөспірімді зорлап келген. Біреуі ересектеу, екіншісі баламен жасты», - дейді ол.
Оның айтуынша, айыпталушы кәмелеттік жасқа толмаған, он жетіде. Ал екінші күдіктінің жасы 13-те. Жәбірленуші бала да он үш жаста екен.
Омарова атап өткендей, бұл жасөспірім сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған жалғыз бала емес. Кем дегенде тағы бесеуі – бір ұл мен төрт қыз зорланған.
Адвокат БАҚ арқылы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа үндеу жолдады.
Дереккөз: sputniknews.kz