Бұл баспаналардың иелері мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекке тұрған
Сәтбаев қаласының жұрты үйінді астында қаламыз ба деп қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv.
2010 жылы жергілікті билік мұндағы баспананы апатты деп таныған екен. Тіпті кіреберісті бөлшектеп тастапты. Бірақ бүлінген ғимараттың екінші жартысы – апатты болса да, азаматтардың баспанасы екен.
«Екі рет сараптама жасалды. Қорытындысы бойынша бұл үй қауіпті жағдайда деп есептеді. Үйдің жертөлесі де, төбесі де мәз емес. 5-қабатта тұратындар үшін өте қиын. Үйіне барсаң үйі сыз, төбеден жаңбыр жауса, су ағады. Қыста үйден жылу сырттан салқын болса, онда да су ағады. Жалпы айтқанда, тұру мүмкін емес. Кімнің жауап беретінін білмейміз, созбақтап жатыр», - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Орынтай Махадиева.
«Әкімдікке үйдің жайын айттық. Жертөле шіріп жатыр, төбемізден су ағады, жағымсыз иіс шығады. Кешегі әкімшілікте болған кездесуге көңіліміз толмады», - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салия Райымбекова.
Тұрғындардың шағымын алға тартып, қалалық әкімдік өкілдеріне байланысқа шықтық. Олар техникалық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде үйдің апатты деп танылғанын растап отыр. Десе де басқа баспана берілмейді, ол үшін тұрғындар кезекке тұруы тиіс екен.
«Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес, осы үйде пәтерлері жалғыз тұрғын үйі саналатын тұрғындар кезекке тұруы керек. Бүгінгі таңда апатты үй тұрғындарының 50 пайызы жүргізілген техникалық сараптама нәтижелерінің көшірмесін қолына алып, құжаттарды ХҚКО-ға тапсыра бастады», - дейді Сәтбаев қаласының әкімі аппараты баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Назерке Сапарбек.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Сәтбаевта 22 үй апатты, ал 8 үй апатқа дейінгі жағдайда деп танылған. Бұл баспаналардың иелері мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекке тұрыпты.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Алматы телеарнасы, Ұлытау облысы