Сегіз бірдей бүлдіршінін жалғыз асырап отырған ананың айтары бар

Сегіз бірдей бүлдіршінін жалғыз асырап отырған ананың айтары бар
Осыған дейін көпке қол жайып көрмеген ана енді көмек сұрауға мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тапқан табысым 8 балама жетпейді». Осылай деп көмек сұраған қала тұрғыны арнамызға хабарласқан еді. 8 бірдей бүлдіршінін жалғыз асырап отырған ананың айтары не? Бір бөлмеге қамалған балалардың жайы қандай? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас біліп қайтты. 

18 шаршы метр – 8 баланың күнделікті көретіні ғана. Олар мұнда ойнайды, тамақ ішеді, ұйықтайды. Ай сайын берілетін мемлекеттік көмек те жыртыққа жамау бола алмаған соң, балалардың анасы бірнеше жұмыста істейді. Осыған дейін көпке қол жайып көрмеген ана енді көмек сұрауға мәжбүр.

«Бір бөлмені жалдап жатырмыз. Қоқыстың өзіне 30 мың шамасында төлеймін. Үйдің иесіне айтып едім, көнбей жатыр. Білмеймін енді не істейтінімді. Үйді босат деп жатыр, енді не істеймін? Баратын жерім жоқ. 7 жыл болды үйдің кезегіне тұрғаныма. Енді қашанғы күтем деп, соған қатты қынжылып жатырмын», – деді көпбалалы ана Гүлмира Сатыбалдиева.

Көпбалалы ана үй алу үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламаларға өтініш беріп те көрген. Бірақ ол үшін бастапқы жарна кем дегенде 1 миллион теңге болуы керек дейді.

Бөлменің коммуналдық төлемі 64 мың теңге болып отыр. Ал, үйдің тарлығын былай қойғанда, балалар кең көшеде де серуендей алмайды. «Інімді балабақшаға апарғанда ғана далаға шығамын»,– дейді Жадыра Жұмақан.

«Ең кішкентай сіңілім 8 айлық. Өзіміз бағып, қараймыз. Кейде тамақ жетпей қалады. Анамызға айтып қоямыз, түннің бір уақытында алып келеді. Мен өскенде әнші болғым келеді. Ән курстарына барамын, бірақ кейінгі кезде ол курстарға бара алмай жүрмін. Карантин. Анам ол курстарға төлеуі керек. Айына 30 мың, кейде 25 мың. Өскенде анамды Меккеге апарғым келеді», – деді қызы Жадыра Жұмақан.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді халық даналығы. Кез келген көмекке мұқтаж болып отырған 8 бүлдіршінге қол ұшын созғысы келетіндер Гүлмира Сатыбалдиеваға қаражат аудара алады.

Мадина Оқас, Мұрат Тайжанов,«Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров