Бұл мереке азаматтардың түрлі апат кезінде өз өмірін аман сақтау үшін білімін арттыру мақсатында ұйымдастырылады
Бүгін Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Бұл мереке азаматтардың түрлі апат кезінде өз өмірін аман сақтау үшін білімін арттыру мақсатында ұйымдастырылады. Жылда осы күні әлем бойынша азаматтардың қауіпсіздігене арналған арнайы оқу-жаттығу жиындары да өткізіледі. Өкінішке қарай, биыл ондай шаралар онлайн форматта өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл сайын жаңа бастамамен өтетін Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні биыл «Күшті азаматтық қорғаныс» ұранымен өтуде. Соған орай мектеп оқушыларының төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттер бойынша, сауаттылығын арттыру үшін онлайн жиындар ұйымдастырылды. Оған барлығы 224 мектептің 104 мың оқушысы қатысты.
«Әр адамның осы дайындығын үйрететін болатын болсақ, төтенше жағдай болған кезде, орын алған кезде әр азамат, Алматы қаласының азаматы білетін болады», – деді қалалық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бекболат Бұғабаев.
Сондай-ақ қаламыздың өрт сөндірушілері мен құтқарушылары қатысқан «Күштік челлендж» іске қосылды. Оның мәні – жеке қорғаныс құралдарында түрлі дене жаттығуларын орындап, осы саланың қызығы мен шыжығын көрсету. Мамандардың сөзінше, осындай іс-шаралардың арқасында екінің бірі бара бермейтін жанкешті мамандықтар танымал болады.
«Қауіп-қатерге қарамай, бізді негізі психологиялық дайындықтың бәрінен өтеміз. Біздің ең бірінші парызымыз – адам өмірін құтқару. Өрт болған жағдайда құтқарған адамдарымыз өзінің алғысын білдірген кезде біз өзімізді осы саланы қате таңдамағанымызды білеміз», – деді №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Мейрамбек Құлназаров.
Дабыл келіп түскен кезде өрт сөндірушілер 20 секундтың ішінде киініп, 2 минуттың ішінде шығып үлгеру керек. Қазір мен бұл тапсырмада өзімді сынап көретін боламын.
Халықаралық Азаматтарды қорғау ұйымына Қазақстан 1996 жылдан бері мүше екенін айта кетейін. Содан бері жыл сайын елімізде қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Нұрқанат Атажан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы