Қызылорда облысында жер дауы туындады. Сейфуллин ауылы тұрғындарының айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын мұндағы 732 гектар жер халыққа пайдалануға берілген. Бірнеше жылдан бері алқапқа күріш егіп, ақша тауып отырған жұртшылық бір күнде жұмысымыздан айырылып қалдық деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуларынша, «Сейфуллин» ЖШС үлкен аумақты белгісіз жолмен өз атына жаздырып алған.
«244 гектар жерден орта өнімді есептегенде 136 млн теңге алмыз. Жерді бермей, өздері пайдаланып отыр», – деді ауыл тұрғыны Бөлеген Рахметов.
Алаңға күріш егуге шыққан жұртты тәртіп сақшылары егістіктен қуып, техникаларын айыппұл тұрағына апарып тастайтын көрінеді. Ауыл тұрғындары өз жеріміз үшін айыппұл төлейміз деп ашынды.
«Осы шаруашылықтың техникасы сыртта тұр. Күні кеше ғана тракторларымызды айыппұл төлеп, шығарып алдық», – деді ауыл тұрғыны Мұхтар Жарауып.
Ауыл жұртының жерін себепсіз тартып алды деген «Сейфуллин» шаруа қожалығы басшылығынан да жауап алуға тырыстық. Ол құжаттарының заңды екенін алға тартты.
«Сізге құжаттарды көрсетейін. Олардың айтқаны шындыққа жанаспайды. Құжаттары болса, біз жерімізді бөліп беруге дайынбыз», – деді «Сейфуллин» ЖШС басшысы Оңғар Саймағанбетов.
Ауыл жұрты даурыққан бұл мәселеден аудан әкімі де хабардар екен. Жергілікті билік екі жақты тарапты жинап, өзара жиналыс ұйымдастырған. Соған сәйкес ортақ бір шешім қабылданыпты.
«Қабылданған шешім: Сырдария аудандық жылжымайтын мүлікті тіркеу органына, әділет органына тіркеуге ұсынылды. Сондай-ақ мемлекет алдында өз жерін даулап жүргендер борышкер екені белгілі болды. Бұл мәселе қазір соттың қарауында», – деді Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы.
Өзгенің жерін иемденді деген «Сейфуллин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығын ауыл тұрғындары бірнеше рет сотқа беріпті. 1,5 жылдан бері табыссыз қалған шаруалардың ендігі жағдайы не болары белгісіз. Халық сот нәтижесінен үміт күтеді.
Ұлағат Арғын, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысынан