Ғаламторға ауру үй жануарының суретін жүктеп, қаражат жинайтындар көбейген

25.01.2020 03:10

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі бас көтерді

Almaty.tv

Жалпы елімізде көрініс тапқан алаяқтық түрлері сан-алуан. Тіпті  жануарларды қорғаушылар да қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық танытып отыр. Себебі, соңғы уақытта ғаламторға ауру үй жануарының жалған суретін жүктеп, адамдардан қаражат жинайтындар көбейген. Егер оларға шын жаныңыз ашыса, жануарлардың уақытша тұрақтайтын мекеніне келіп, көз жеткізген соң ғана ақша беру керектігін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматыда қараусыз қалған үй жануарларына жаны ашитындар саны көбейген. Оның қатарында үлкен орталықтар мен үйінде уақытша ұстайтын еріктілер бар. Мәселен, мына бір ғана үй жануарларын уақытша ұстайтын орталықта 300-ден астам ит пен мысық бар. Кейбір медициналық тексеріс пен дәрі-дәрімекке қайырымды жандар өз қаражаттарын жіберіп тұрады. Осы ұрымтал сәтті пайдаланған алаяқтар енді ғаламтор арқылы тұрғындардан ақша жинап жүрген көрінеді. Оларды қалай анықтау керектігін мамандар айтты.  

«Бізге тек ақша жіберсеңіз болды. Алаяқтардың бірінші сөзі – осы. Осы салада жұмыс істеп жүрген еріктілер әлеуметтік желіде ай сайын есеп беріп отырады. Ондай орталықтарға сенуге болады. Сонымен қатар, ол жануар туралы толық ақпарат алуыңыз қажет. Егер уақытыңыз болса, сол орталықтың өзіне барып көз жеткізгеніңіз абзал», - деді қоғамдық қордың Президенті Юлия КОВАЛЕНКО.      

Үй жануарларына жаны ашыған еріктілер алаяқтармен күрестің түрлі тәсілдерін тауып келеді. Енді әрбір емделетін ит немесе мысыққа жеке депозит ашылатын болды. Егер оның еміне қаражат аударғысы келген адам болса, бірден емханаға баруына болады.      

«Емханада әрбір емделіп жатқан жануарға ағымдағы шот ашылады. Біз осылайша алаяқтардың жолын кеспекшіміз. Кез-келген қайырымды жан осында келіп, жануардың жағдайын біліп, оған қандай ем көрсетілетігінен хабар алып барып, қаражат аудара алады», - деді жануарлар емханасының бас дәрігері Оксана НОВИКОВА.      

Әзірге қараусыз қалған жануарлардың жағдайын бақылау заңдастырылмаған. Сондықтан үй-күйсіз қалған жануарға кез-келген алматылық қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп келеді. Десе де, алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды бірінші кезекке қойған абзал.

Арнат Дүйсен, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы