Алматыда көптеген адам интернеттегі алаяқтарға алданып қалды

25.01.2020 03:26

Зардап шеккендердің жалпы шығыны 10 млн теңге шамасында

inform.kz

Тұрғындар ғаламтордағы арзан ноутбук туралы жалған жарнамаға сеніп, миллиондарын қуларға санап берген. Алаяқтар арам ойларын өте қарапайым әдіспен жүзеге асырған. Алдымен «қымбат тауарды бөліп төлеу мүмкіндігі бар» деп жарнама береді. Содан соң тұтынушыны кеңседе қабылдап, екіжақты бірлескен келісімшартқа қол қояды. Кейін тауар құнының 40 пайызын онлайн жіберуді сұрайды. Ал, ақшасын жібергеннен кейін тауарды сататын адаммен мүлде байланыс үзеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бахтияр Ыбыраев өзінің әлі күнге дейін алаяқтың арбауына түсіп қалғанына сене алар емес.  Кездесу кезінде онда алдында айлакер отырғаны туралы күдік те болмаған. Сырт келбеті, сауатты сөйлеуі, келісім-шарт, тіпті, төлем жайлы түбіртек те беріліпті. Ол 12 айға бөліп төлеуге ноутбук рәсімдеп, алдын-ала төлем жасаған. Нәтижесінде тауар да жоқ, алғашқы жарна деп берген 400 мың теңгесінен де айырылады.

«Біз келісім шартты рәсімдегеннен кейін ол тұтқасын көтермей, жасырына бастады. Іздеу барысында оның ата-анасының мекен-жайын таптық. Үйіне барғанымызда бізді әкесі күтіп алды. Ол 20 жыл қатарынан шіркеуде істеп келе жатқан құрметті адам екен. Әкесінің айтуынша, бұған дейін де осындай сұрақпен басқа да адамдар келген, бірақ әкесі ешқандай көмек бере алмайтындарын айтты», - дейді жәбірленуші Бахтияр ЫБЫРАЕВ.

Бахтияр Ыбыраев  алданғанын білгеннен кейін көпшілікті алаяқтың арбауынан сақтау үшін әлеуметтік желіде ақпарат таратады. Ол мұндай жағдайдың құрбаны болған жалғыз адам емес.

«Мен 1 700 000 мың теңге тұратын компьютер жабдықтарына тапсырыс бердім. Кейін тауар сатушы «Альфа Логистикс» ЖШС мені Smart Point-қа кездесуге шақырып, төлемақы жасайтын шотты берді.  Мен банкке барып, 50 пайызын төлегеннен кейін онымен хабарласу мүмкін болмай қалды», - деді жәбірленуші Илья БОКОВ .

Қазіргі таңда алматылық  10 тұрғын өз ақшаларын қайтара алмай отыр. Олардың әрқайсысы 500 мың теңгеден алдын-ала төлем жасаған. Зардап шеккендердің жалпы шығыны 10 млн теңге шамасында. Алаяқтың арбауына түскендер  полицияға шағым түсірген. Ал қыруар қаржыны қалтаға басқандар жазасыз қалуы мүмкін. Өйткені, алаяқтардың атында ешқандай мүлік болмай шықты. Не үйі, көлігі, тіпті аттарына жазылған қымбат дүниелері де жоқ екен.

«Сотқа дейінгі зерттеу жүргізіледі деп айта алмаймын. Себебі, кез-келген алаяқ өзінің азаматтық құқығын пайдаланып, жасырына алады. Ол құжатқа сауатты қараған. Тұтынушылармен кездесу, арнайы келісім-шартқа қол қою, осы құжаттар арқылы істің заңды жүргізілгенін көруге болады. Сондықтан сотқа дейінгі зерттеу зардап шегушілерге пайда әкелуі екіталай», - дейді адвокат Рауф ТОЙМАТОВ.

Зардап шеккендер мұны аяқсыз қалдырмаймайтындарын айтады. Алдап соққан адамды қажет болса түрмеге тоғытудан тайынбаймыз дейді олар. Желідегі алаяқтардың арбауына түскендер өзгелерді сақ болуға шақырды.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы