Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер сөгіспен құтылды

25.10.2019 03:10

Ол қарамағындағы қызметкерлердің парақорлыққа барғаны үшін ұсталған болатын

Еліміздің төтенше жағдайлар саласында да сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр. Қарамағындағы қызметкерлердің парақорлыққа барғаны үшін Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер сөгіспен құтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, ведомство басшысына мұндай жаза бұған дейін Алматы қаласында 5 млн.теңге сомасында пара алуға оқталған «Селденқорғау Кұрылыс» Республикалық мемлекеттік кәсіпорын директоры қолға түскеннен кейін қолданылып отыр.

«Ішкі істер министрінің бұйрығымен қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін ТЖК кадр саясаты басқармасының бастығы Е. Н. Мұхаметғалиев пен ТЖК төрағасының орынбасары Б. О. Дұзақбаевқа қатаң сөгіс, ТЖК төрағасы В. Р. Беккерге сөгіс жарияланды», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр БИГАЙДАРОВ.

Соңғы үш жылда ведомствоның қызметкерлеріне қатысты 91 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде Төтенше жағдайлар комитеті мен құрылымдық бөлімшелерінің 19 қызметкері сотталыпты. Биылдың өзінде 24 қылмыстық іс өндіріске алынған. Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі солардың бірқатарын жария етті.

«Солтүстік Қазақстан облысында өндіріспен «СҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталды. Ол 40 млн. теңгеге орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1 200 АҚШ доллары көлемінде пара алды деп күдіктеледі», - деді деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр БИГАЙДАРОВ.