Биылғы құрбан айт мерекесі бұрынғыдан өзгерек – ҚМДБ төрағасы, бас мүфти

Фото: "Зекет" қорының баспасөз қызметі
Фото: "Зекет" қорының баспасөз қызметі
Кейіннен құрбандыққа шалынған малдың есебін фото немесе видео арқылы сұрай аласыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылғы құрбан айт мерекесі бұрынғыдан өзгерек. Әлемдік пандемия мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесіне де әсерін тигізбей қоймады. Бұл жолы мешіттерде айт намазы оқылмайды. Санитарлық талаптар күшейтіледі. Бұрын-соңды болмаған онлайн құрбан шалу әдісі енгізілді. Жалпы мұсылман қауымының онлайн құрбандыққа пікірі қандай? Жыл сайын төрт-түлік сатушыларының науқаны басталатын кезеңде мал бағасы шарықтап кетпеді ме? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын қала маңындағы мал базараларына барып жағдайды бағамдап келді. 

Құрбан айт мерекесінің басталуына 3 күн бар. Соған қарамастан қаладағы мал базарларда сауда қызу. Мұндағы қоралардың әр қайсысында 40-50 қой көгенделген. Қойдың орташа бағасы 20 мыңнан басталады. Салмағына қарай 60 мыңға дейін барады.

Әдетте құрбан айт мерекесінде араздасқан адамзат бір-бірінен кешірім сұрап, үйді-үйге айттап барып, дастархан басында туған-туысқанның басы қосылып шаттыққа кенелетін мейрам еді. Алайда, бұл дәстүрлердің біреуі де биыл орындалмайын деп тұр. Алматылықтар бұл жолы құрбандыққа шалынатын төрт-түлігін ерте сайлап қоюға қамданып жатыр.

Қала маңындағы мал базарларда адам саны көп.  Төрт-түлікті базарға келіп, көзімен көріп, қолымен ұстап таңдап алушылардың санында шек жоқ.

Биыл санитар дәрігерден бастап, бас мүфтиге дейін құрбан айт мерекесі басталмай тұрып, ертемен елдің санитарлық талаптарды сақтауын, үйге көп адам шақырмай, ұлық мерекені онлайн атап өтуін айтып дабыл қағып жатыр. Алайда адамдардың біразы бұл талапқа бағынғысы келмейтін көрінеді.

- Келетін адамдар еті көп мал керек. Оны асып, үлкен адамдарға отырысқа береміз. Одан кейін бір бөлігін таратып береміз. Сондықтан қой үлкендеу болу керек.

Жыл сайын мүфтият азаматтарға мал бағасын қымбаттатпауға шақырғанмен, төрт-түліктің бағасы аспандап тұр. Мәселен, тоқты 40 мыңнан, қой 50 мыңнан жоғары. Ірі-қара мал 350 мыңнан асады. Саудагерлер болса оны жем-шөп бағасының қымбат болуымен түсіндіріп отыр.

«Одан кейін жем-шөп қымбат. Қазір бір түп жоңышқаның өзін 1150-1200 теңге. Одан кейін бір қалта жемінің өзі 1200 теңге. Бұрын 600 теңге, кейін 800 теңге, қазір 1200 теңгеге көтерілді. Бәрі қымбаттағаннан кейін малдың да бағасы көтеріледі», – деді саудагер Жандарбек Ағзамбай.

Карантинге байланысты қашықтан құрбан шалу рәсімі мына тәртіппен жүзеге асады. Яғни Qurban2020.myftyat.kz сайты арқылы құрбан шалуға онлайн тапсырыс береді. Кейіннен құрбандыққа шалынған малдың есебін фото немесе видео арқылы сұрай аласыз. Мұндай жүйе Түркия, Малайзия және Индонезия сынды бірқатар елдерде бұрыннан жұмыс істейді екен.

«Бұл жүйенің басты ерекшелігі, құрбандық шалған малдың еті түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Тұңғыш рет қолға алынғалы отырған бұл жүйенің кейбір техникалық мүмкіншіліктері, кемшіліктері болуы мүмкін. Техникалық кемшіліктер орын алып жатса, халықты түсіністікпен қарауға өтінеміз. Онлайн құрбандық шалу - дегеніміз халықытың құрбандық шалу қажеттілігін жүзеге асыру», – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы.

Бүгінге дейін онлайн құрбандық шалғысы келетіндер тым аз болып шықты. Жалпы еліміз бойынша 406 тапсырыс берілген. Ал мұқтаж отбасылардан 11 мыңға жуық өтініш келіп түсіпті. Сайт арқылы тапсырыс қабылдау 30 шілдеге дейін жалғасады. Еске сала кетейік, биылғы құрбан айт мерекесі шілде айының 31 нен бастап  2 тамыз  аралығында өтеді.  

Новости партнеров