Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері «Біз біргеміз» акциясын қолдады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері «Біз біргеміз» акциясын қолдады
Жомарт жандар барда мұқтаж отбасылар елеусіз қалмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жомарт жандар барда мұқтаж отбасылар елеусіз қалмайды. Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері «Біз біргеміз» бастамасына үн қосып, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұндай көмек карантинде жатқан, әсіресе, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға ауадай қажет. Департамент қызметкерлері дайындаған себетте ең керек деген азық-түлік тауарларымен қатар антисептиктер де бар. Тіпті балаларға деген базарлықты да ұмытпаған.  

«Қазір төтенше жағдай кезінде ешкімде жұмыс жоқ. Барлық жер жабық. Жағдайды ескере келе біздің жігіттеріміз, басшылар жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсету туралы шешімге келдік. Өздеріңіз байқап тұрсыздар, бұл әйелдің алты баласы бар екен», – деді қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.

Көмекке қол жеткізген жандардың дені көп балалы отбасылар. Ішінде жетіншісіне аяғы ауыр келіншекте бар. Олар қиын сәтте көмек қолын созған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жігіттеріне алғысым шексіз. Алла разы болсын сіздерге. Біз сияқты жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп жатқандарыңызға рақмет», – деді көпбалалы ана Ғалия ЫСТЫБАЕВА.

«Сіздерге көп-көп рақмет. Сіздерге Алла разы болсын!» – деді көпбалалы ана Михриниса ТОЛЫСБАЕВА

Жалпы төтенше жағдай жарияланған уақыттан бері Алматыда  «Біз біргеміз» акциясы қарқынды жүзеге асып келеді. Тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетуге талпынған жомарт жандардың саны күн санап артуда. Бәрінің «мұқтаж жандар елеусіз қалмайды» деген бір-ақ ұраны бар.

Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров