|
17.05.2021 | 22:44
7560

Алматыда О. Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр

Туған жердің топырағынан ғаламдық проблемаға дейін

Алматыда О. Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің туғанына 85 жыл. Бүгін ақынның мерей тойы қарсаңында халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Кездесуде мәдениеттерді жақындастыруды мақсат тұтқан қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтар сөз болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен ғасырдың елеулі тұлғасы, бүгінгінің қайраткері болып отырған азаматтың шығармашылығы лирикадан бастап, саясатқа, туған жердің топырағынан ғаламдық проблемаға дейінгі көлемді қамтиды. Сондықтан болар, бүгінгі жиында сөз алған ғалымдар Олжас Омарұлының еңбектерін айта отырып, айтулы мәселелерді қозғады.

«Олжекең дегенде біздің қазақ әдебиеті мен тарихының тұтас бір дәуірі көз алдымызға елестейді. Мына біздің, қазақ деген осы кімбіз, біздің тарихымыз қайда, біздің тамырымыз қайда, болашағымыз қалай болады деген мәңгілік үлкен сұрақтарға жауап іздеген, сол сұрақтардың жауабын тапқан ақынымыз- ол біздің Олжас Сүлейменов», – деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Иә, Олжас Омарұлының әдеби туындылары да өз заманында лайық бағасын ала алды. Олар әлі де жас ұрпақтың жаттап өсер жыры болып тұр. Дегенмен кейінгі уақытта ғылымға дендеп бет бұрған қайраткер тарих пен тіл төңірегінде мол мұра қалдырып келеді. Әрі халық жадында Олжас Сүлейменов дипломат, ел тағдырын елеулі өзгеріске бастаған ірі тұлға. Солай болып қала да береді.

«Кезінде Олжас аға тек Невада-Семей біздің полигонды жапқан жоқ. Бүкіл әлемдегі 5 полигонды жапты ғой. Америкада, Қытайда, Францияда, Ресейде. Ол оңай емес, ол тек қана біздің КСРО-ның КГБ-сына қарсы жұмыс істеген жоқ. Ол күллі ЦРУ-мен күресті. Бұл ең үлкен бизнес қой, саясат. Алпауыт елдердің саясатына қарсы шығып, жеңген адам», – деді ҚР ҰҒА қоғамдық және гуманитарлық бөлімнің төрағасы Ерден Қажыбек.

«Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып». Мәдениеттерді жақындастыруды мақсат тұтқан конференцияның тақырыбы осылайша ақынның өз сөзімен аталды. Айта кетейік, Олжас Сүлейменовтің еліміздегі және қоғамдық-саяси аренадағы рөлі қозғалған жиын 2 күн, 3 сессияға жоспарланған.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир