4 млрд теңгеден астам қаржы: Қордай ауданында газ құбырлары салынып бітпей құлап жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Отар ауылына орнатылған көгілдір отын бағаналары елдімекенге газ келмей жатып жарамсыз күйге жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысының Қордай ауданында газ құбырлары салынып бітпей құлап жатыр. Отар ауылына орнатылған көгілдір отын бағаналары елдімекенге газ келмей жатып жарамсыз күйге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, тіректердің түбі бетондалмай, тек жай қадап кеткен. Салдары көп күттірмеді. Жол үстіндегі аркалары да майысып, көлік жүрісіне кедергісін келтірген. Аудан әкімдігінің мәліметінше, мемлекеттік бюджеттен 10 ауылды газдандыру үшін магистральды газ жүйесі жүргізілген. Ал, кейбір ауылішілік жүйелер халықтың қаржысына салынып жатқан көрінеді. Ауылға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары солай деді. Дегенмен құбыры қирандыға айналған Отарды мердігерлер жасаған болып шықты.

«Желідегі тараған видеоға байланысты тексеру жүргізілді. Расымен, ауылдың ішіндегі 100 метр құбыр, қатты жел салдарынан құлаған. Мердігер бетонды сапасыз салған. Бүгінгі таңда бұл олқылықтарды мердігер компания жөндеп жатыр. Газ жүйесі қайта көтеріліп, қалпына келтірілді. Бұл мәселе аудан басшылығының назарында болады», – деді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев.

Бүгінде ауылды газдандырумен «Энерджи Газ Сервис» компаниясы айналысып жатыр. Әкімдік кінәнің бәрі мердігерден дейді. Айта кетер ақпар, Қордайдың Отар аймағындағы 12 ауылға газ тартуға, жалпы құны 4 миллиард 37 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған.

Новости партнеров