Таразда 1 ғасырдан аса тарихы бар «Әулиеата» ауданы құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тұрғындардың айтуынша, мемлекет қорғауындағы нысандарға халық өз еріктерімен биліктің рұқсатынсыз жөндеу жүргізе алмайды. Сондықтан тұрғын үйлер мен кей нысандар қирап жатыр. Ал, әкімдік жауабы болса баршаны таңқалдырды. Жергілікі биліктің жоспары қандай? Тараздың тарихи келбеті сақтала ма? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает анықтап көрді.
«Әулиеата ауданы» деп аталған ескі квартал қазір жоғалудың аз-ақ алдында тұр. Тұрғындар саман кірпішінен салынған ғасырлық үйлер тозып бара жатқан соң, өз бетінше бұза бастапты.
«Біз ешқандай көмек бермейміз. Жағдайыңызға қарай өзіңіз бір нәрсе істеп алыңыз деді. Болды, сонымен тұрысы мынау, сыртының бәрі көтеріліп кетіп түсіп жатыр. Жаңбыр анау қабырғаның бәрін тесіп жіберді», – деді қала тұрғыны Рая Ермекбаева.
Мына қос қабатты әкімшілік ғимаратын кезінде жапон тұтқындары тұрғызған. Роза Сабыр көнерген нысандарға жаңғырту жүргізсе жырғап қалар едік дейді. Өйткені мемлекет қорғауындағы баспананы биліктің батасынсыз бұзуға болмады.
«Бүкіл үйдің ішін жөндемесе жөндемей-ақ қойсын.Үйіміздің іші бәрінде әдемі. Тек сыртын жөндеп берсе, кіре берісін. Шағын аудандарда жүріп жатыр ғой, солай жасап берсе», – деді қала тұрғыны Роза Сабыр.
Мәдениет басқармасы болса, сол кезеңдегі нысандардан қазіргі уақытқа дейін 24-і ғана қалғанын айтады. Бірақ жыл басында тағы 12-сі арнайы тізімнен шығарылыпты.
«Келбетін өзгертпей, қайта қалпына келтіру керек. Олар оны бұзып тастап, басқа ғимарат салып тастауға құқығы жоқ. Жеке тұлғалар өз қаржысына жүргізу керек. «Жоқ, біз оны жүргізбейміз» десе, онда оны жергікті атқарушы орган мемлекеттің мұқтаждығы үшін мемлекетке қайтарып алу керек», – деді облыстық мәдениет басқармасы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының бөлім басшысы Балжан Сыдығалиева.
Жергілікті биліктің жоспары таңғалдырып отыр. Олар әлгіндегі 12 нысанның тағы 10-ы сүріледі деп жазбаша жауап қатты. Осылайша 2 ғана ғимарат сақталып қалмақ. Ал, қалған тарихтың орнын веложолдар мен демалыс орындары басқалы тұр.
Мерей Бает «Алматы» арнасы, Тараздан