Қазақ тарихшысы, көрнекті қоғам қайраткер, ғалым, тарих ғылымының докторы Ақай Нүсіпбековтің туғанына 110 жыл. Осы орайда Алматыда IV Нүсіпбеков оқулары аясында «Ақай Нүсіпбеков және ұлы дала тарихының зерттелуі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда ғалымның отандық тарих ғылымының дамуы жолында қарымталы еткен еңбектері, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы турасында, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктеріне арналған зерттеулерінің маңыздылығы сөз болды.
«Ақай Нүсіпбековтің тарихшы ғалым, мемлекет қайраткері, ғылыми ұйымдастырушы ретінде еңбегін насихаттауымыз керек. Жас ұрпаққа айтуымыз керек. Бұл тарих сабақтастығы. Еліміз осындай ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы өткенін білу керек. Өткенін білу арқылы болашағын айқын түсінуі керек», - деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі Сәбит ШІЛДЕБАЙ.