Төтеншеліктер жеткіншектерге арнайы сыйлық табыстады
Алматының төтенше жағдайлар департаменті мереке қарсаңында «Қауіпсіз мектеп» шарасын ұйымдастырды. Мамандар төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында балаларға түрлі ойындар ойнатып, көңіл-күйін көтерді. Одан бөлек жаңадан шыққан 4D форматындағы анимациялық плакаттармен таныстырып, өрт және жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керегін айтып беретін бейнежазба көрсетті. Кейін төтеншеліктер жеткіншектерге арнайы сыйлық табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Маған бүгінгі шара қатты ұнады. Себебі мамандар бізге қиын жағдайға тап болған кезде қалай әрекет ету керек соның барлығын үйретті. Әсіресе, маған өрт сөндіргіш құралмен жарысып ойнаған қатты ұнады», – деді Руслана Терещенко.
«Шараның негізгі мақсаты балалар қиын жағдайға тап болған кезде дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Бүгінде мұндай акциялар қаламыздың барлық ауданында өтіп жатыр. Алдағы уақытта да ұйымдастыру жоспарымызда бар», – деді қалалық ТЖД басшысының орынбасары Самат Асаинов.