Алматыда кітапханаға келетін оқырмандар саны 50 пайызға артқан

Алматыда кітапханаға келетін оқырмандар саны 50 пайызға артқан
Алматыда 16 кітапхана қайта жаңғыртудан өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 16 кітапхана қайта жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде ерекше заманауи кейіпке енген мәдени орындарға келетін оқырмандар саны бірден 50 пайызға артқан. Онда оқу залдарынан бөлек қала тұрғындары үшін үйірмелер мен жаңа қызмет түрлері де қарастырылған. Жаңғыртудан кейінгі кітапханалардың жайымен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай танысып келді.

Түрксіб ауданында орналасқан №26 балалар кітапханасы алғашқы оқырманын 1972 жылы қабылдапты. Әу баста тек сөрелер мен үстелдерден тұрған ғимарат қазір айтарлықтай өзгерген. Оқу залдары кеңейіп, кітап қоры жаңа шығармалармен толықты. Мұнда жыл сайын 32 мың адам келеді екен. Енді филиал ұжымы жыл сайынғы келушілер санын 40 мыңға дейін арттырмақ. Ал кітапхана қызметтерін пайдалану үшін тек жеке куәлік қажет. Онымен қоса қалада тіркеуі бар оқырман кітапты үйге алып, оқи алады.

«Жөндеу жұмыстарынан кейін мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Әрине, ішке кірген кезде жаңарған кітапхананы көріп қатты таңқалдым», – деді қала тұрғыны Виктор Юващенко.

Қазақстан жазушылар кітапханасы – орталықтандырылған жүйе ішіндегі жетекші филиалдардың бірі. Жандана түскен бұл орында күн сайын жаңа туындының тұсауы кесіледі. Ол үшін арнайы бөлмелер мен интерактивті тақталар бар.

«Әр кітапханының өзіндік бірегей дизайны бар. Біздегі оқырмандардың саны едәуір артты. Себебі, әрине, оларға жаңа дизайндағы кітапханаға келген өте ыңғайлы. Оқырмандар осында келіп, демалып, әңгімелескенді ұнатады», – деді орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Наталия Коваленко.

Қайта жаңғырған кітапханаларда мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері де ескерілген. Кіре берістерде қызметкерлерді шақыру тетігі мен сырғыма баспалдақтар қойылған. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері үшін арнайы жабдықталған бөлме бар. Ал, балалар тегін қолөнер, шахмат ойнау мен тілдерді үйрене алады.

«Мұнда компьютер орталығы іске қосылды. Электрондық кітаптар бар. Енді тек кітап оқып қана қоймай, достарымызбен бірге келіп, сурет салып, ойын ойнауға болады», – деді 5-сынып оқушысы Вероника Мизинова.

Кітапханаларды модернизациялау жобасы осыдан 4 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақытқа дейін орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі 26 кітапхананың 16-сы жаңғыртылды. Биыл тағы үш кітап қорында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров